
Павлодар облысында салынып жатқан көпірден өрт шықты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Өрт туралы хабарлама ТЖД-ға 31 қаңтар күні кешкісін түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері аттанып, оқшаулау жұмыстарын бастады. Құтқарушылардың анықтауынша, көпірдің оқшаулағыш материалдары мен ағаш қалыптары жанған.
Өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Бірақ басқа жаққа өршіп үлгермей, тез басылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Көпір құрылысы 2024 жылы басталып, 2027 жылы аяқталуы керек. Ресми мәліметке сүйенсек, құны 39 млрд теңгеден бағаланып отыр.
Осыған дейін Семейде ер адамның полицейлердің автокөліктерін өртеп жібергенін жазған едік. Күдікті мас болған екен. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.