
Қаңтар айында республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан 350 млн доллар сатылған. Ал ақпан айында 350–450 млн доллар сату жоспарланған. Бұл туралы бас банктің валюта нарығы туралы хабарламасынжа жазылған.
Өткен айда теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 501,24 теңге деңгейінде қалыптасты. Ұлттық Банк валюта нарығына интервенция жасамай, операцияларды бейтарап әрі жоспарлы режимде жүргізді.
Қазақстан қор биржасындағы валюта саудасының орташа бір күндік көлемі бір айда 359 млн доллардан 306 млн долларға дейін төмендеді. Ал қаңтар айындағы жалпы сауда-саттық көлемі 5,8 млрд АҚШ долларын құрады.
«Республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан қаңтарда 350 млн АҚШ доллары сатылды. Бұл сома жалпы нарық көлемінің шамамен 6%-ын ғана құрады, яғни күн сайынғы сатылым 18,5 млн доллардан аспады. Алдын ала фискалдық болжамдарға сәйкес, ақпан айында да Ұлттық қордан 350–450 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сату жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар айналау операциясы аясында қаңтарда 350 млрд теңге алынған болса, ақпанда да осы көлемде валюта сату күтіледі.
Ұлттық Банк Ұлттық қор валютасын сату және айналау тетігін іске асыру барысында нарыққа қысым түсірмеу қағидатын сақтайтынын атап өтті.
Қаңтар айында квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату аясында шамамен 206 млн АҚШ долларын нарыққа шығарды.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ активтеріндегі шетел валютасының үлесі 40%-дан асып кеткендіктен, Ұлттық Банк қаңтарда да, ақпанда да зейнетақы активтері үшін доллар сатып алуды жоспарлап отырған жоқ.
Қаңтар айының соңында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 500 теңгеге қарай төмендеді.