
Өскеменде алты күннен бері «қолайсыз метеорологиялық жағдай» байқалып отыр. Тұрғындардың ауа сапасының нашарлағанына қатысты шағымынан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің экология департаменті тексеру жүргізген.
«Ауа сапасы орташа деңгейде бағаланады және тұрғындар денсаулығына қауіп төндірмейді», – деп хабарлады әкімдік тексеруден кейін.
Әкімдік ауа сапасына көліктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және от жағып отырған жеке тұрғын үй секторы әсер етеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар екі гидроэлектр станциясының болуы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қыс мезгілінде қатуына жол бермейді, бұл қалың тұманның пайда болуына әкеледі.
«Қыс мезгілінде жеке секторда қатты отынның (көмір мен ағаш) жағу күйе мен күлден тұратын ұсақ бөлшектердің пайда болуына алып келеді. Ол ауада ұзақ сақталады және ауаның ластану деңгейіне елеулі әсер етіп отыр», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, қалада екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай сақталып отыр. Соған байланысты Өскемендегі оқушылар қашықтан оқитын болды.