Блогер Жанабыловтар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Жарияланды 2 Ақпан 2026 08:28

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: instagram

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы отбасының қоғаушысы Жасұлан Рахымғалиев хабарлады.

Қазіргі таңда блогерлерге қатысты жағдай аса күрделі күйінде қалып отыр. Қорғаушының айтуынша, ерлі-зайыптылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл баптар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырумен байланысты.

Адвокаттың сөзінше, бастапқыда қорғаныс шаралары жүргізілгенімен, сотқа дейінгі тергеу органы істі ауырлататын тағы бір бапты қосу туралы шешім қабылдаған.

«Қазіргі таңда Жанабыловтарға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру дерегі бойынша айып тағылып отыр. Сонымен қатар, бүгін істің ішінде прокурордың азаматтық талабы пайда болғанын білдік. Ол мемлекет мүддесі үшін қарапайым азаматтардан жиналған қаражатты өндіріп алуды талап етуде. Прокурордың пікірінше, бұл қаражат бүгіннен бастап мемлекеттік болып есептеледі. Ең қауіптісі – қазір Жанабыловтарға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр. Оның қандай болатыны әзірге белгісіз», – деді адвокат.

Оның айтуынша, ақшаны заңдастыру (жылыстату) бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты әкімшілік істі қараған болатын. Олар заңсыз лотерея ұйымдастырды деген айыпқа ілінген. Іске азаматтардың шағымдары мен Қаржылық мониторинг агенттігінің хаты негіз болған.

Тергеу мәліметінше, блогерлер Instagram желісінде күн сайын лицензиясыз ақша, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын өткізген. Кейін сот шешімі шыққан соң, іс материалдары қаржылық операцияларды және заңбұзушылықтарды тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.

Қазіргі таңда Экономикалық тергеу департаменті блогерлер Ерболат және Эльмира Жанабыловтарды қылмыстық іс аясында күдікті деп тану туралы екі қаулы шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз