Бурабайда туристік жобалар үшін жер жалға беріле бастауы мүмкін

Жарияланды 2 Ақпан 2026 20:00

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
Бурабайда туристік жобалар үшін жер жалға беріле бастауы мүмкін / Фото: Shutterstock

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристік және рекреациялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін ұзақ мерзімді жалға беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Бурабай» МҰТП әкімшілігі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, бастама курорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған және Бурабай курортының аумағында қонақ үйлерді, этноауылдарды, сондай-ақ туристік және рекреациялық мақсаттағы басқа да объектілерді орналастыру мүмкіндігін көздейді.

«Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ақбура», Жүкей көлі, Қатаркөл және Текекөлді қоса алғанда, жаңа туристік аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. «Бурабай» ұлттық паркі инвестиция тарту және рекреациялық инфрақұрылымның бірегей нысандарын құру мақсатында, сирек баратын әрі әлеуеті жоғары локацияларды игеруге басымдық бере отырып, жер учаскелерінің пулын қалыптастыруда», — делінген табиғи парк әкімшілігінің хабарламасында.

Жер учаскесін беру заңнама талаптарына және ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғаудың экологиялық нормасы мен режимін міндетті түрде сақтауға сәйкес жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді жалға алу тәртібі мен шартын ұлттық парктің ресми сайтында белгіленген тәртіппен жариялау жоспарлануда.

«Бурабай» МҰТП рәсімдер мен мерзімдер туралы ақпарат дайындығына қарай жаңартылатынын атап өтіп, инвесторлар мен туристік сала өкілдеріне ресми хабарлама күтуді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз