Chanell, Diog: люкс брендтің жалған нұсқасын қалай ажыратуға болады?

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
люкс бренд, реплика, көшірме, түпнұсқа
фото ЖИ арқылы жасалған

Chanel, Dior, Louis Vuitton тәрізді люкс-сегменттегі брендтер болғанымен, жалған нұсқаларының сапасы жыл санап артып барады. Ал оларды түпнұсқадан ажырату барған сайын қиындап келеді. Қымбат брендке ақша төлер алдында нені тексеру керек?

Миддл, люкс сегменттегі өнімдерді көшірудің екі түрлі әдісі бар. Бірі – түрік пен қытай зауыттарында жаппай тігетін киімдер, аксессуарлар. Олар базардағы сөрелерде самсап тұрады. «Chanell», «Diog» деп атаулары қате жазылған, бағасы 10-20 мың теңге аралығында. Ұстағанда материалынан-ақ сапасыз екенін сезесіз.

Екінші әдісі – түпнұсқаға ұқсатып жасалған, киім немесе әшекейдің тура көшірмесі яғни реплика. Олар өте сапалы жасалған, әрбір деталіне дейін ұқсайды және бағасы да өте қымбат. Қазақстандағы байерлер люкс брендтердің репликасын жиі әкеліп, саудалап жатады. Кейде байерлердің қолынан люкс брендтердің түпнұсқасын сатып аламын деп көшірмеге ұрынып, ақшадан айырылуы мүмкін. Ендеше брендтің түпнұсқа екенін тексеретін бірнеше әдісті ұсынамыз:

Люкс санатта «акция болмайды»

Люкс брендтерге келгенде «жақсы жеңілдік жасап жатыр», «витринада соңғы қалғандары» деген дүниелер болмайды. Hermès, Louis Vuitton, Chanel, Goyard және Rolex сияқты брендтердің саясатында «жеңілдік, арзандату» деген дүниелер жоқ. Олар ешқашан, тіпті өтпей қалған тауар болса да жеңілдікпен сатпайды, акция жарияламайды.

Ал Gucci, Prada, Saint Laurent (YSL), Balenciaga, Burberry, Valentino және Dolce & Gabbana сияқты брендтер маусымдық жеңілдіктер жасайды. Ол тауарларын (30%-дан 70%-ға дейін) аутлеттерден яғни арнайы сауда орталықтары немесе тұтас «қалашықтардан» ғана сатып аласыз. Аутлеттер көбінде Франция, Германия, Ұлыбритания мен Миланда және Дубайда болады.

Қазақстанда ондай ірі аутлеттер жоқ, бірақ кейбір сауда орталықтарында люкс брендтерді табуға болады. Esentai Mall ішінде немесе кейбір люкс бутиктен кейін тауарлар «Outlet» бөлімдеріне жіберіледі. VILLA Boutiques & Restaurants аумағында кейде люкс брендтердің сатылымдары болады. Қалада Adidas Outlet, Nike Outlet сияқты спорттық брендтердің жеке аутлеттері бар.

Егер тауардың бағасы ресми дүкендегіден 70-90%-ға арзан болса, бұл 99% жағдайда жалған өнім деген сөз.

Люкс брендті сатуға барлығына құқық берілмейді

Люкс бренд өз тауарларын сататындарды өте қатаң іріктейді. Олардың ресми дистрибуция жүйесі бар. Chanel, Dior, Louis Vuitton, Gucci, Prada сияқты люкс брендтерді тек ресми бутиктер немесе ресми бутиктерді немесе сертификатталған серіктестерді ғана сата алады.

Сериялық нөмір мен сертификат

Кез келген люкс брендтің өз «төлқұжаты» болады. Киім немесе тауар cатқанда сериялық нөмір мен сертификат беріледі. Кейде сөмкелердің астарында жазылып тұрады. Сондай-ақ сапалы қаптама мен қорап міндетті түрде беріледі. Кейбір реплика сататын байерлер құжаты бар деп көрсетуі мүмкін. Көптеген адамдар сертификат болса, зат міндетті түрде оригинал деп ойлайды. Жоқ! Жалған жасаушылар қазір картаны да, қорапты да керемет етіп жасап шығарады. Оны тексеру үшін нөмірді сол брендтің ресми сайтына жазып, тексеріп көресіз.

Арнайы кодты қағазға шығарып бермейді. Ол көбіне қалтаның ішінде, астардың ең түбінде немесе тігістің астында жасырын тұрады. Оны табу оңай болмауы керек.

Ал 2021 жылдан бастап LV кодты алып тастап, тіпті бұйымның ішіне көрінбейтін микрочип орнатты. Оны арнайы сканермен ғана тексеруге болады. Dior, Prada, Moncler брендтері де қазір осы әдіске ауысып жатыр.

Логотип және қаріп (шрифт)

Реплика қаншалықты сапалы болса да, олар кейде брендтің логосы мен шрифтін дәл көшіре алмайды. Люкс брендтер логотипке, оның шрифтіне ерекше мән береді. Әріптердің арақашықтығы, қалыңдығы тіпті жіңішкелігі миллиметрге дейін есептелген. Логотип бедері теріге немесе матаға терең, анық түсіріледі. Шрифт «тірі» көрінеді — тым жалпақ та, тым өткір де емес

Ал реплика жасаушылар көбінде визуалды түрде көшіруге тырысады. Олар ұсақ детальға мән бермей қалады. Мәселен, ең көп қате жасайтын брендтің бірі – Prada. Оның R әріпінің аяқ жағы ерекше иілген, көпшіліг оны қайталамай жатады.

фото: legit grails

Ескертеміз: Компанияның келісімінсіз бренд өнімдерін қолдан жасау немесе көшірмелеу – интеллектуалдық меншік құқығын бұзу болып табылады және қылмыс деп саналады.

Сондай-ақ оқыңыз