Экс-судья Сайлыбаеваның өлімі: Ресейдің тергеу комитеті Мәскеуде тексеру бастады

Ресейдің тергеу комитеті қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцовтың Мәскеуде жүрген-жүрмегенін тексеріп жатыр.
Комитет бұл іске РЕН ТВ арнасындағы сюжеттен кейін назар аударған.
Айгүл Сайлыбаеваның қазасы
Айгүл Сайлыбаева 2024 жылы 3-4 маусымда хабарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.
Германия тарапы Александрдың анасы – Наталья Донцованы басты күдікті ретінде таныған.
2025 жылдың Сайлыбаеваның бұрынғы күйеуі мен енесінде Қазақстанда іздеу жарияланды.
Тергеу комитеті тексереді
Телеарнадағы сюжеттен кейін қаза тапқан әйелдің ата-анасы Ресей Федерациясы тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге жүгінген.
«Сюжетте келтірілген деректерге сәйкес Ресей Федерациясы тергеу комитетінің Мәскеу қаласы бойынша тергеу органдары процессуалдық тексеру ұйымдастырды. Бұл бас тергеу басқармасының басшысына тапсырылды», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін адвокат Жанна Мұхамади Айгүл Сайлыбаеваның аяғы ауыр болғанын айтты. Ол күйеуі және енесі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл туралы құрбыларына айтып, ұрып-соққанына айғақ болатын фото жіберіп отырған. Осыған байланысты Қазақстанда «қинау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген.