Жаңалықтар

Елде бір жылда 200-ге тарта балаға буллинг жасалған

Заң бойынша кем дегенде ескерту жасалып, 10 АЕК айыппұл салынады/фото: shutterstock

Ресми ақпарат бойынша елде бір жылда 200-ге тарта балаға буллинг жасалған. Жауапты тарапқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы негізінде шара қолданылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина айтты.

Маманның айтуынша, бұл көрсеткіш өңірлер мен қалаларда болып жатқан жағдайды нақты көрсетпейді.

«Өңірлердегі рейтингті жасау кезінде бұл көрсеткішке қараудың қажеті жоқ. Себебі бұл буллингтің нақты санын емес, қанша адамның мұны хабарлауға дайын екенін көрсетеді. Сол себепті бұл дерек елдегі нақты көрсеткіш емес», – дейді Овечкина орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабына сәйкес кем дегенде ескерту жасалып, 10 АЕК айыппұл салынады. Бұл 2026 жылы 43 250 теңгеге тең.