Банк пен қаржы

Қазақ үкіметі қарызға батып бара жатыр

Қарызға батқан қазақ берешек қарыз
фото: shutterstock

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы мемлекеттік борышы шамамен 38,7 трлн теңге, яғни 77 млрд доллардан асты. Бұл туралы Kursiv.Media Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Мемлекет борышы көбейді

2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке қарағанда, қарыз 77 млрд 90 млн доллар болды. Соның 72,5 млрд доллары мемлекеттік қарызға, қалғаны мемлекет кепіл болған борыштарға жатады.

Қарыз айналдырған екі айдың ішінде шамамен 20%-ға көбейгенін көріп отырмыз. Себебі 2025 жылғы қазанда ғана Қаржы министрлігі борышты 64,7 млрд доллар деп есептеген. Қарыз аз уақытта шамамен 12,3 млрд долларға артқан.

инфографика қарыз берешек

Үкімет қарызы

Қарыздың басым бөлігін, яғни 69,3 млрд долларын үкімет алған. Қалған 5,3 млрд доллары жергілікті атқарушы органдардың берешегіне жатады.

Бұл ретте үкіметтің ішкі берешегі 52 млрд доллардан асты. Соның ішінде «мемлекеттік ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелері» 44 млрд доллар болды. Бұл нені білдіреді? Сыртқы қарыздың көбеюінен сескенген биліктің ішкі қарызы көбейді. Мұндағы «міндеттемелер» мемлекет сатып отырған облигацияларды білдіреді. Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін құнды қағаз шығарып, қаржы жинайды.

Сыртқы борыш

Мемлекеттік 8,7 трлн теңге, яғни шамамен 17 млрд доллар сыртқы борышы бар. Олардың басым бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған. Соның ішіндегі ең ірілері:

  • Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі – 3,6 млрд доллар;
  • Азия Даму Банкі – 1,4 млрд доллар;
  • Еурооблигациялар – 9,9 млрд доллар.

Қарыз көп пе, аз ба

Қазақстан секілді ел үшін 77 млрд доллар борыш аз емес. Оны анықтау үшін Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы үлесімен салыстырған жөн. Қазіргі берешек ЖІӨ-нің 24–25%-ына тең. Әлемнің дамушы елдері қарызды 40–50%-дан асырмауға тырысады.

Дегенмен Қазақстан үкіметінің ішкі ережесі – өз шектеуі бар. Ол ЖІӨ-нің 30%-ынан аспауы керек. Осы қисынмен алсақ, қазіргі борыш лимитке жақындап қалды.