Микроқаржы ұйымдарына қойылатын талап күшейеді

Жарияланды 2 Ақпан 2026 12:42

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
микроқаржы ұйымы
фото: shutterstock

Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қойылатын талап күшейеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) МҚҰ-лардың иелері мен коллекторлық агенттіктерге қойылатын талапты қатаңдатып жатыр.

Басты өзгерістің бірі – микроқаржы ұйымын басқаратын адамдарға қатысты болып отыр. Енді топ-менеджерлер жұбайы, ата-анасы, балалары және бауырлары жайлы ақпаратты да көрсетуі керек.

Одан бөлек бұрынғы жұмысындағы беделі, ол жерден не үшін кеткеніне де ерекше мән береді. Егер бұрынғы жұмыс беруші қызметкерді Еңбек Кодексіндегі бап бойынша жұмыстан шығарса, онда жаңа микроқаржы ұйымына басшы болып тағайындала алмайды. Яғни мансабындағы ұрыс-керіс немесе жайсыз оқиғалар болса, оның қаржы секторындағы болашағына әсер етуі мүмкін.

Коллекторлар үшін «қара тізім» жасалады

Реттеуші коллекторлық агенттіктердің құрылтайшылары үшін «қара тізім» дайындамақшы. Егер коллекторлық агенттік қателіктері үшін бір рет реестрден шығарылса, оның бұрынғы иелері және бірінші директорлары ондай жаңа ұйым аша алмайды және басшылық лауазымға тағайындала алмайды.

Есеп беру мерзімі де қысқарады. МҚҰ-ның басшылық құрамындағы кез келген өзгеріс жайлы бес жұмыс күні ішінде ескеруі керек. Егер топменеджерлердің бірі жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылса, оны да бес тәулік ішінде ескертуі қажет.

Айта кетейік, былтыр күзде ҚНРДА микроқаржы ұйымдары үшін жаңа талап енгізген еді. Ол бойынша,  МҚҰ портфеліндегі үш ай төленбеген қарыз екі есе азаюға тиіс. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз