Экономика

Қаңтарда инфляция қарқыны баяулады

Қаңтар айында инфляция қанша болды / Фото: shutterstock

2026 жылдың қаңтар айында Қазақстанда инфляцияның екі түрлі беталысы байқалды. Бір жағынан, жылдық көрсеткіш сәл баяуласа, екінші жағынан, айлық инфляция жеделдеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қаңтарда жылдық инфляция 12,2 пайызды құрады.

Бұл желтоқсандағы 12,3 пайызбен салыстырғанда аздап төмен. Ал айлық инфляция 1 пайызға жетіп, желтоқсандағы 0,9 пайыздан жоғарылады.

Жылдық есепте инфляцияның баяулауына қарамастан, ай сайынғы баға өсімі қаңтарда күшейе түсті. Мұндай көрініс жыл басына тән құбылыс ретінде түсіндіріледі: жаңа тариф, бағаның қайта есептелуі мен индексация айлық көрсеткішке қысым жасайды.

Қандай қызмет түрі қымбаттады?

Азық-түлік тауарлары бір жылда 12,9 пайызға қымбаттаған. Бұл желтоқсандағы 13,5 пайызбен салыстырғанда төмен, яғни азық-түлік сегментінде жылдық қысым біршама бәсеңдеген. Айлық өсім де салыстырмалы түрде қалыпты деңгейде – 0,8 пайыз.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар керісінше, инфляциялық қысымды күшейтті. Бұл топтағы бағалар бір жылда 11,7 пайызға өсті, ал желтоқсанда бұл көрсеткіш 11,1 пайыз болған. Айлық өсім бірден 1,2 пайызды құрап, қаңтардағы инфляцияның негізгі қозғаушы күшіне айналды.

Ақылы қызметтер секторында жағдай тұрақты. Бұл сегментте жылдық инфляция өзгеріссіз қалып, 12 пайызды көрсетті. Алайда айлық өсім 1,1 пайызға дейін жеделдеді. Бұл қызмет көрсету саласында жыл басындағы баға түзетулерінің әсері сақталып отырғанын аңғартады.

Өңірлердегі инфляция қандай

Өңірлер арасында инфляция біркелкі емес. Ең жоғары жылдық өсім Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп, 14,3 пайызға жетті. Ақмола, Павлодар облыстары мен Ұлытау өңірінде инфляция 13,5 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Астана мен Алматы қалаларында көрсеткіш орташа деңгейде: тиісінше 11,9 және 11,8 пайыз. Ал ең төменгі инфляция Абай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Қызылорда облыстарында байқалды: шамамен 11,5–11,6 пайыз.

Мұндай айырмашылықтар өңірлердегі тұтыну құрылымы, әсіресе азық-түлік үлесінің жоғары болуымен және логистика шығындарына байланысты Ал ірі қалаларда бәсекенің күштірек болуы мен инфрақұрылымның дамуы баға өсімін салыстырмалы түрде тежеуге мүмкіндік беріп отыр.