Жаңалықтар

Си Цзиньпин юаньды жаһандық резервтік валютаға айналдыруға шақырды

ҚХР төрағасы юань резервтік валюта болсын дейді / Фото: shutterstock

Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин юаньды жаһандық резервтік валюта ретінде тануға шақырды. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.

Си мәлімдемесі

Қытай коммунистік партиясының орталық комитетіне қарайтын ресми баспасөз орталығы болып саналатын «Цюши» журналында Си Цзиньпин ел халықаралық саудада, инвестицияда және валюта нарықтарында кеңінен қолданылатын «қуатты валюта» құруы қажет екенін мәлімдеді. Басылым Қытай басшылығы юаньды халықаралық деңгейге көтеруге ұзақ уақыт бойы ұмтылғанын жазады.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытайға ақша-кредит саясатын басқару үшін «қуатты орталық банк», сондай-ақ жаһандық капиталды тартып, әлемдік бағаларға әсер ете алатын бәсекеге қабілетті қаржы институттары қажет.

Белгісіздік жағдайы

FT Қытайдың мәлімдемелері жаһандық нарықтардағы белгісіздіктің артуы аясында жасалып жатқанын жазады. Доллардың әлсіреуі, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшылығындағы өзгерісдердің күтілуі, сондай-ақ геосаяси және сауда шиеленістері орталық банктерді долларлық активтерге деген міндеттемелерін қайта қарауға итермеледі.

The Asia Group компаниясының Қытай жөніндегі директоры Хань Шен Лин Бейжің юань долларды алмастыру үшін емес, керісінше, қаржы тәртібінің бұзылуы жағдайында АҚШ-тың ықпалын шектейтін стратегиялық қарсы валюта ретінде жаһандық ақшаға айналуын қалайтынын мәлімдеді.

Резервтік валюта

Айта кететіні, резервтік валюта – басқа елдердің орталық банктері өздерінің алтын-валюта резервтерінде жинақтайтын, әлемдік деңгейде танылған ұлттық валюта. Ол халықаралық есеп айырысуларда, инвестицияларда, валюталық интервенцияларда және сыртқы қарызды өтеу кезінде қолданылады.

Тарихта әртүрлі валюталарға резервтік мәртебе берілді. Оны Халықаралық валюта қорының директорлар кеңесі тағайындайды. Бұл шешімге әсер ететін ең маңызды факторлар – елдің экономикалық көрсеткіштері және оның әлемдік саудадағы үлесі.

Қазіргі әлемдік резервтік валюталардың тізімі 1980 жылдары қалыптастырылды. Бастапқыда оған АҚШ доллары, неміс маркасы, француз франкісі, швейцариялық франк, фунт стерлинг және жапон иені кірді. 1999 жылы еуро неміс және француз валюталарын алмастырды. Қытай юаны 2015 жылы жаһандық валюта себетінде 11% үлеске ие болып, резервтік валюта ретінде қабылданды. Оның әлемдік резервтердегі салмағы біртіндеп артып келеді.

Дегенмен бүгінгі күні АҚШ доллары басымдығын сақтап келеді. «Жасыл» ақшаның әлсіреуі туралы болжамдарға қарамастан, 2025 жылдың соңына қарай әлемдік валюта резервтерінің шамамен 58-60%-ын дәл осы доллар құрады.