Жаңалықтар

60 жастан асқан қарттарға пойыз билеті 25% арзандады

Из-за плохой погоды КТЖ расширил число пригородных поездов
Фото: kursiv.media мұрағаты

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 60 жастан асқан жолаушыларға ел ішінде пойызбен сапарлауға 25% жеңілдік қарастырылғанын хабарлады. Жеңілдікті пайдалану үшін ұлттық тасымалдаушының барлық пойыздарында жарамды QURMET дисконттық картасын рәсімдеу керек. Карта купе, плацкарт және отыратын вагондарда орын шектеусіз билет алуға мүмкіндік береді. Картаның бағасы – 3000 теңге. Жарамдылық мерзімі – сатып алынған күннен бастап 1 жыл.

«Жастар үшін де тиімді мүмкіндіктер ұсынатын жаңа «KETTİK33» дисконттық картасы енгізілді. Енді 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар KETTİK33 дисконттық картасы арқылы купе вагондарындағы жоғарғы орындар мен отыратын вагондарға билеттерді 33% жеңілдікпен рәсімдей алады. Картаның құны – 3000 теңге, жарамдылық мерзімі – сатып алынған күннен бастап 1 жыл», – делінген хабарламада.

Карта иегердің атына рәсімделеді. Оны үшінші тұлғалар пайдалана алмайды. Картаны тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан алуға болады. Рәсімдеу үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы талап етіледі.

Дисконттық карта бойынша жеңілдіктер билет кассаларында немесе bilet.railways.kz сайты арқылы билет сатып алынған жағдайда ғана қолданылады. Банктердің платформалары арқылы сатып алынған билеттерге жеңілдіктер қарастырылмайды.

Жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңде ұсынылады. Алайда мерекелік және каникул уақытында дисконттық карталардың қолданылуы тоқтатылады.

  • 2026 жылғы 20 – 29 наурыз аралығы;
  • 2026 жылғы 25 – 30 желтоқсан аралығы;
  • маусым – тамыз айлары.

Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ компанияның ресми Instagram парақшасынан алуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» компаниясы үш бағыт бойынша теміржол билеттеріне 25% көлемінде қысқы жеңілдіктер жариялаған еді.