Жаңалықтар

Бурабайда мектеп асханасы тексерілгеннен кейін директор қызметінен кетті

Аталмыш жағдай балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген / Фото: shutterstock

Ақмола облысының прокуратурасы Бурабай кентіндегі Сейфуллин атындағы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директоры қызметінен босатылған. Ал аудандық білім бөлімінің бір қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Мектеп әкімшілігі жеткізушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тиісті түрде тексермей, мектептегі тамақтануды ұйымдастыруына жол берген. Сөйтіп бұл жағдай кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірген. Прокуратураның талап етуімен жеткізушімен жасалған келісімшарт бұзылды. Сондай-ақ оны мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы деп тану үшін сотқа талап арыз берілді», – делінген хабарламада.

Прокуратура дерегінше, конкурс жеңімпазы ретінде танылған жеткізуші іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлерді көрсеткен. Сонымен қатар ол компанияға бұрын маскүнемдікке байланысты ата-ана құқығынан айырылған азаматтарды жұмысқа тартқан.

Айта кетейік, бұған дейін мектеп асханалары ескертусіз тексерілетіні жайлы хабарланды.