Ұлттық білім академиясына жаңа президент келді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Зүльфия Төребекова / Фото: Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы парақшасынан

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті тағайындалды. Бұл туралы академияның баспасөз қызметі ақпарат таратты.

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 2 ақпандағы бұйрығымен және конкурстық комиссияның 2026 жылғы 26 қаңтардағы хаттамалық шешімімен Зүльфия Темірханқызы Төребекова Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

Зүльфия Төребекованың білім және ғылым саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Физика, математика және информатика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. 2016 жылы АҚШ-тың Дьюк университетінде магистратураны тәмамдады және Сиракьюс университетінде докторантурада оқыған. PhD дәрежесіне ие. Ол – 50-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде Scopus базасындағы 16 жұмыстың және 2 монографияның авторы.

Еске сала кетейік, жақында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болған Нәзипа Аюбаеваның қызметтен кету себебін түсіндірген еді. Министр Аюбаеваның жұмыстан өз еркімен кеткенін, үш пәнді біріктіру бойынша реформаны тоқтату туралы ұсынысқа көнбегенін мәлімдеген болатын.

Артынша Ұлттық академияның экс-президенті Нәзипа Аюбаева қызметтен кету себебі жайлы желіде жазба жариялады. Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдемесін жоққа шығарған еді.

Сондай-ақ оқыңыз