Жаңалықтар

Жаңа Конституция жобасы жайлы жалған мәлімет таратқандар қатаң жазаланады – Үкімет

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді / Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіру бойынша кеңес өткізді.

Жиынға Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері қатысқан. Премьер-министр барлық деңгейдегі министрліктер мен әкімдіктерге жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған.

«Жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аударылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде. Ішкі істер министрлігіне «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, жалған мәліметтерді таратқаны үшін қатаң құқықтық әрекет және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды», – делінген Үкімет таратқан хабарламада.

Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктеліп отыр.

Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын көпшілікке ұсынды. Одан бөлек, жаңа Конституция туралы жалған ақпарат таратқан адамға айыппұл салынғанын хабарлаған едік.