Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда жоғалған қазақтың оқиғасы министрлік бақылауында

фото: ашық дереккөзден

Оңтүстік Кореяда зауытта жұмыс істеп жүріп жоғалып кеткен қазақ азаматы әлі табылмады. Бұл мәселені Қазақстанның Сеулдегі елшілігі бақылап отыр. Сыртқы істер министрлігі осылай мәлімдеді.

«ҚР-ның Сеулдегі елшілігі жағдайды ерекше бақылауына алды. Дипломаттар корей қызметкерлерімен және жоғалған қазақстандықтың туыстарымен байланыста. Ал зауыттан табылған адамның жеке бас деректері алдағы уақытта анықталады», – деп хабарлады ведомстводан.

Еске салайық, 30 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Мэндон-мен қаласындағы сусын мен тағам шығаратын зауытта өрт болды. Кәсіпорыннан 81 адамды эвакуациялады, бірақ екі адам жоғалып кеткен. Олардың арасында Қазақстан азаматы бар.

Келесі күні құтқарушылар мен полицейлер зауыттан өртеніп кеткен денені тапты. Қазір ол зерттеуге жіберілді, жеке бас дерегін анықтау үшін ДНҚ-талдау жүргізіліп жатыр.