
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысында қамқорлығындағы адамнан зәбір көрген балалардың мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Оқиғаның мән-жайы
Желіде ұзақ жыл құлдықта болған Құндыз бен Назгүлді қамқорлыққа алған Зүлфия Төленованың қамқорлығындағы өзге балаларды ұрып жатқаны көрінетін видео тараған. Комитет тараған видео бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.
Балалардың жайы
Балалар осы жайттан кейін уақытша балалар үйіне уақытша орналастырылған. Олардың қауіпсіздігі мен қажетті күтімі толық көлемде қамтамасыз етілген. Балаларға медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің жіті назарына алынған.
Қылмыстық іс
Оқиға жайлы бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да хабардар екенін білдіріп, қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Тараз қаласының әкімдігі әлеуметтік желіде тараған бейнежазба 2025 жылы 29 желтоқсанда анықталғанын атап өтеді. Сол күні балалар мектепке келген кезде білім беру мекемесінің психологы олардың денесінде ұрып-соғу белгілерін байқаған. Осы дерек негізінде полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалған. Балалардың заңды қамқоршысы ретінде көрсетілген Зүлфия тергеуге алынған. Ақыры, кәмелетке толмаған балаларды қамқорлығына беру туралы қаулының күші жойылған. Балалар 2025 жылғы 29 желтоқсаннан бастап арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылған.
Одан бөлек, бірнеше күн бұрын желіде журналист Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байланған суретін салған еді. Осы жайттар артынша үлкен дауға ұласып, қамқоршы Зүлфия Төленова қамауға алынған.