
2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік ахуал біршама әлсіреді. Freedom Holding Corp. пен S&P Global әзірлеген Өңдеу өнеркәсібі өндірістік индексінің (PMI®) мәліметіне сәйкес, көрсеткіш 49,8 деңгейіне дейін төмендеп, бейтарап 50,0 шегінен төмен қалыптасты. Бұл соңғы сегіз айда саладағы операциялық жағдайдың қайта нашарлағанын аңғартады
Нарықтағы баға факторы қысым тудырып келіп отыр. Қаңтар айында қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі өндіріс секторындағы инфляциялық қысымды күрт күшейтті. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың шамамен 44 пайызы ресурс құнының қымбаттағанын атап өткен. Нәтижесінде шикізат пен қызмет бағасының өсу қарқыны 2022 жылғы қарашадан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Шығындардың артуы өндірушілерді дайын өнім бағасын көтеруге мәжбүр етті. Сату бағалары 2019 жылдың наурызынан бері тіркелген ең жоғарғы деңгейге дейін өсті. Бұл – бизнес үшін ғана емес, түпкілікті тұтынушы үшін де сезілетін айқын белгі.
Сонымен қатар сұраныс тарапынан да әлсіздік байқалады. Желтоқсандағы қысқа мерзімді өсімнен кейін қаңтарда жаңа тапсырыстар көлемі қайта төмендеді. Соңғы төрт айдың үшеуінде жаңа келісімшарттар саны азайған. Кәсіпорындар келісімшарттардың жиі кешіктірілетінін, ал нарықтағы белгісіздіктің сақталып отырғанын алға тартады. Осы үрдіс өндіріс көлемінің де қысқаруына алып келді.
Дегенмен жалпы көріністен бір оң белгі байқалады. Өндіріс пен тапсырыстар азайғанына қарамастан, өңдеу саласында жұмыспен қамту қатарынан екінші ай өсіп отыр.
Жаңа жұмыс орындарының ашылу қарқыны баяу болғанымен, бұл 2025 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар мұны бұрынғы қысқарту кезеңінен кейін кадрларды қайта тарту үдерісімен байланыстырады.
Қоймадағы жағдай да назар аудартады. Сұраныстың бәсеңдеуіне байланысты дайын өнім мен шикізат қоры ұлғайған. Өндіріске алынбаған шикізат қоры 2024 жылғы сәуірден бергі ең жоғары деңгейге жетсе, сауда көлемінің азаюы дайын өнім қорының да өсуіне әсер етті. Соған қарамастан, жеткізу тізбегінде ішінара оң өзгеріс бар: жүк жеткізу мерзімі қысқарып, соңғы тоғыз айда алғаш рет логистикалық жағдай жақсарған.
Freedom Finance Global компаниясының қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімовтің айтуынша, өңдеу саласы 2025 жылдың ортасындағы пессимистік аймаққа қайта оралған.
Бұған сұраныстың әлсіздігімен қатар, жаңа салық ережелерден кейін артқан салықтық жүктеме де әсер еткен.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың басында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі жоғары белгісіздік жағдайында қалып отыр. Инфляциялық қысым мен салық жүктемесі күшейген тұста бизнес сақтық режиміне көшкен.
Алдағы айларда саланың тағдыры ішкі сұраныстың қалпына келуіне және фискалдық саясаттың нақты әсеріне тікелей байланысты болмақ.
2025 жылдың қарашасында қызмет көрсету саласында өндіріс бәсеңдеп, іскерлік белсенділік соңғы 15 айдағы ең төмен деңгейге түскен. Сол кезде кәсіпкерлер жаңа тапсырыс жоқ деп мәлімдеген.