
Қытайда қоймалар мен дүкендерде ЖИ-роботтарды қолдану артып келеді. 2025 жылы қытайлық AgiBot компаниясы 5 100-ден астам гуманоид роботты жеткізді. Бұл – әлемдік нарықтың шамамен 40 %-ы. ЖИ-робототехника секторы қарқынды дамып, қазірдің өзінде әлем бойынша еңбек нарығына, өндіріс пен логистика саласына әсер ете бастады. Бұл туралы Kursiv.media Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Енгізу ауқымы
Салалық есепке сәйкес, AgiBot 2025 жылы гуманоид роботтарды жеткізу көлемі бойынша әлемде көш бастады. Бұл роботтар жасанды интеллект пен адам қимылына ұқсас механизмдерді пайдалана отырып, қоймаларда, өндірісте және қызмет көрсету саласында түрлі міндеттерді орындайды. Олардың қатарына сәлемдемелерді өңдеу, тауарларды сақтау, клиенттермен жұмыс істеу сияқты қызметтер кіреді.
Халықаралық робототехника федерациясының дерегінше, басқа елдермен салыстырғанда Қытайда өнеркәсіп роботтары көп.
Қытай ЖИ роботтарды қалай көбейтіп жатыр
Қытайдағы робототехника нарығы мемлекеттік қолдаудың арқасында өсіп келеді. Үкімет өндірушілерге арналған қорлар мен субсидиялар құрып, ЖИ мен робототехникаға инвестиция тартуда. Сондай-ақ мұндай жүйелерді өнеркәсіп пен сауда саласына енгізуге бағытталған жергілікті бастамаларды ынталандырып отыр.
Роботтар өз жұмысы барысында деректер жинап, сол арқылы ЖИ алгоритмдерін жетілдіреді. Қазіргі таңда робот-көмекшілердің мүмкіндіктері мыналарды қамтиды:
- Қоймаларда тауарларды сұрыптау және сақтау;
- Логистикалық орталықтар ішінде сәлемдемелер мен жүктерді тасымалдау;
- Киімдерді бүктеу және тауарларды сатуға дайындау;
- Сэндвичтер сияқты тағамдарды дайындау және ұсыну;
- Есіктерді ашу, тұрмыстық немесе қоймалық механизмдерді басқару;
- Дүкендер мен сервистік нүктелерде клиенттермен өзара әрекеттесу (кеңес беру, тауарды таныстыру).
Роботтар көбейсе…
Сарапшылардың пікірінше, мұндай автоматтандыру біліктілігі төмен қызметкерлерге арналған жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Алайда сонымен қатар жасанды интеллект, робототехника және жаңа жүйелерге қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұранысты арттырады.
Мамандар роботтармен алмастырылған кейбір қызметкерлер қайта даярлаудан өтпейінше жаңа жұмыс табуда қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін атап өтеді. Бұдан бөлек, роботтандырудың жедел дамуы әлеуметтік жүйелерге қосымша қысым түсіріп, еңбеккерлерді қорғау тетіктерін әзірлеуді талап етеді. Оған қайта оқыту бағдарламалары мен жұмысынан айырылу қаупіне қарсы сақтандыру шаралары кіруі мүмкін.
Түрлі салаға жаппай енгізіліп жатқан гуманоид роботтардың әсерін әзірге қазақстандықтар сезіне қоймады.
Айта кетейік, Қытайдың UBTECH Robotics технология компаниясы Қазақстанда робот шығаруға көмектеседі.