Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстанға 10 миллионнан астам турист келді

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда туризм саласының инвестициясы қарқынды өсіп келеді. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеге жуықтап, 2024 жылмен салыстырғанда 32,3%-ға өскен.

Бұл қаржы мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар мен жеке бизнес жеке инвестицияларды қамтиды. 2022 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі екі еседен көп болған. Қазір салада 328 инвестициялық жоба белсенді іске асырылуда. Ірі жобалар қатарында Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау-шаңғы кешені, Қонаевтағы ASP Arena, Астанада салынып жатқан Mandarin Oriental қонақүйі, сондай-ақ Қонаев пен Шымкенттегі ірі ойын-сауық және қонақүй кешендері бар.

Жаңа нысандар елдегі орналастыру орындарының санын арттыруда. 2024 жылы Қазақстанда туристерге арналған 4,5 мыңнан астам қонақүй мен демалыс орны тіркелген. Соңғы бес жылда олардың саны 28,6%-ға өскен.

Туристер ағыны тұрақты өсуде

Қазақстандағы туристік бағыттарды белсенді ілгерілету, HoReCa нысандарының, туристік базалар мен тау-шаңғы курорттарының салынуы елге келетін туристер санының біртіндеп артуына ықпал етуде. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен жылы орналастыру орындарында 10,1 млн турист тоқтаған. Бұл — 2024 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға көп.

Ішкі туризм басым

Қонақүйлерде клиенттердің басым бөлігі Қазақстан азаматтары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 8,6 млн адамға жетіп, 9,9%-ға артқан. Ал шетелдік туристер саны шамамен 1,5 млн адамды құрады, бұл көрсеткіш 15,8%-ға өскен.

Шетелдік туристер шығыны артып келеді

Қаңтар айында шетелдік туристердің Қазақстанға сапар кезінде жұмсайтын шығындары 13,5%-ға артқан. Олар қаржыны тек тұру мен тамақтануға ғана емес, сонымен қатар сауда-саттыққа, мәдени іс-шараларға және ойын-сауық қызметтеріне де белсенді жұмсауда.

Туризмнің экономикалық қайтарымы артуда

Туризм саласының дамуы көлік, HoReCa, қоғамдық тамақтану, сауда, экскурсиялық және өзге де қызмет көрсету салаларында мультипликативті табыстың өсуіне алып келуде. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, туризмнің қаржылық көрсеткіштерінің бірі ретінде орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі қарастырылады.

Қонақүйлер қызметі 268 млрд теңгеге жетті

Өткен жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша қонақүйлер, отельдер мен хостелдер 268 млрд теңгеге қызмет көрсеткен, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға артық.

Көшбасшы өңірлер: Алматы мен Астана

Көрсетілген қызмет көлемінің шамамен үштен бірі Алматы қаласына тиесілі — 82,4 млрд теңге.
Екінші орында Астана: жалпы көлемнің 20,5%-ы, немесе 55 млрд теңге.
Үздік үштікті Ақмола облысы түйіндеді. Мұнда орналасқан Щучинск–Бурабай курорттық аймағында көрсетілген қызмет көлемі 26,3 млрд теңгені құрады.

Ұзақ мерзімді өсім сақталуда

Соңғы жылдары Қазақстандағы орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Егер 2019 жылдың соңында бұл көрсеткіш 120,5 млрд теңге болса, 2024 жылдың соңына қарай 299,8 млрд теңгеге жетіп, 2,5 еседен астам артқан.

Алакөл аймағы: әлеует жоғары, мәселе де көп

Алдағы жылдары Алакөл маңындағы туристік аймақты дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек. Алайда бұл өңірде әлі күнге дейін шетелдік туристерді кеңінен тартуға кедергі келтіретін инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер жеткілікті. Мәселен, жағалауды бекіту проблемалары, электрмен жабдықтаудағы үзілістер, көптеген туристік базаларда орталық кәріз жүйесі мен ауызсудың жоқтығы әлі толық шешімін таппай келеді.

Осыған байланысты, биыл Алакөл туристік аймағын дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаржы екі еседен астам ұлғайтылады. Бюджеттен 2,4 млрд теңге қарастыру жоспарланған. Оның басым бөлігі:

  • аумақты абаттандыруға  – 755,4 млн тг,
  • құтқару станциясын салуға  – 564,3 млн тг,
  • көшелерді жөндеуге  – 257,9 млн тг бағытталады.