Қырғызстанда жынысты ауыстыруға толығымен тыйым салу ұсынылды

Қырғызстанда биологиялық жынысты өзгертуге, оның ішінде медицинаның араласуына толық тыйым салу ұсынылды.
Отбасы кодексіне енгізілетін өзгерістер
Отбасы кодексінде жаңа бап енгізіледі, онда биологиялық жыныс отбасылық қатынастарды реттеу, некеге тұру, ана мен әкені анықтау үшін бірден-бір мойындалған санат ретінде белгіленеді. Құжатқа сәйкес, адамның жынысы тек туған кезде анықталған биологиялық белгілер бойынша анықталады және бұл жазба азаматтың өтінішімен, медициналық қорытынды негізінде немесе сот шешімімен өзгертілмейді.
Сондай-ақ құжатта жынысты өзгертуге бағытталған хирургиялық операциялар мен гормондық терапияларға тікелей тыйым енгізіледі. Медициналық араласуға тек жыныстың туа біткен даму аномалияларын емдеу жағдайында ғана рұқсат беріледі және ол тек ресми медициналық негіздер болғанда жүзеге асырылады.
Құжаттың мақсаты
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, құжат отбасылық құндылықтарды қорғауға, құқықтық қақтығыстардың алдын алуға және жеке мәліметтерді тіркеу жүйесін күшейтуге бағытталған.
«Бұл тәжірибе қырғыз қоғамында тарихи немесе мәдени тамырларға негізделмеген және демографиялық саясатқа, қоғамдық әдепке, ұлттық қауіпсіздікке және мемлекеттік құжат айналымының тұрақтылығына қауіп төндіреді», – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.
Заң жобасы Жогорку Кенеш сайтында жарияланып, қоғамдық талқылауға ашық тұр, кейін ол парламент комитеттерінің қарауына енгізіледі.
Қазақстанда қалай
Қазақстанда да депутаттар жынысты өзгертуге тыйым салу мәселесін көтерген болатын. Онда трансгендерлікті психикалық бұзылыс ретінде танып, заңнамалық шектеулер енгізуді ұсынған.
Айта кетейік, Қазақстанда құқыққа қайшы контент таралуын шектеу туралы құжат – ең даулы заң жобасы болған еді. 2025 жылдың 30 желтоқсанында Тоқаев ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңға қол қойды. Егер заң бұзылса, 20 АЕК айыппұл салынады, екінші рет қайталаса он күнге қамалуы мүмкін.