
АҚШ-та Medicare бағдарламасына қатысты миллиардтаған қаржы алаяқтығы ісінде қазақстандықтар күдікті деп танылды.
«За нами уже выехали» ақпаратына қарағанда, Чикаго прокуратурасы істі медициналық жабдықтарды жалған жеткізу схемаларына байланысты қозғаған. Соның кесірінен мемлекеттік және жекеменшік сақтандыру компаниялары 1 млрд доллардан астам қаржы жоғалтуы мүмкін.
Тергеу нұсқасы бойынша, Ануар Абдрахманов Priority One Medical Equipment компаниясы арқылы пациенттерге шын мәнінде жеткізілмеген глюкометрлер мен катетерлер үшін шамамен 666 млн доллар көлемінде жалған өтінім берген.
Екінші айыпталушы Таир Смағұл, тергеу мәліметінше, шамамен 470 мың шот ұсынған басқа компанияны бақылауда ұстаған. Бұл шоттардың жалпы көлемі 953 млн доллар болады. Ал көрсетілген медициналық жабдықтар не қажет болмаған, не мүлде жеткізілмеген деп айтылады.
Екі жағдайда да Medicare бағдарламасына тіркелген азаматтар ешқандай қызмет алмағандарын және төлем рәсімделген аурулармен ауырмағандарын айтқан. Прокуратура қаражаттың шетелге аударылғаны және қолма-қол шешілгені туралы мәлімдеді. Іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.
Мұның алдында Астанада тұтынушылық және автонесиелеу саласындағы алаяқтыққа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды.