“Асығыс шешім қымбатқа түседі”: жекеменшік мектептер Үкімет шешімі туралы не дейді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Алматы әкімдігі

Соңғы айларда жекеменшік мектептер төңірегіндегі дау жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі. Бұған дейін Kursiv.Media жекеменшік мектептерді қаржыландыру кешеуілдеп жатқаны жайлы бірнеше рет жазған еді. Ал биылдан бастап Үкімет бұл мектептерді қаржыландыруға мораторий жарияламақшы. Бұл өзгеріс нарыққа қалай әсер етеді? Жекеменшік мектептер азайса, мектептегі орын тапшылығы қайта туындамай ма? Осы жайлы нарық ойыншыларының өзінен сұрастырып білдік. 

90 млн минусқа кеттік

Үкіметтің жекеменшік мектепті қаржыландыруды тыйып отырғандағы негізгі уәжі – бюджеттің тиімсіз пайдаланылуы. Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерге арнайы аудит жүргізді. Министр Такиевтің сөзінше, былтырға дейін мектептерге бөлінген бюджет бақылаусыз болған, сондықтан оны теріс пайдаланып келген. 

Енді жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізілді. Қаржыландыру орын тапшы, мектеп салу қажет деген өңірлерге ғана бағытталатын болды. Бұл нарыққа бақылау да күшейетін болды. Мектеп құрылтайшыларын ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгереді. Оларды құрылтайшы таңдамайды, министрлік пен әкімдіктердің келісімі ескерілуі керек.

Жекеменшік мектептердің ойыншылары жаңа ережемен келісуге асығар емес. Олар Үкімет дұрыс талдау жүргізбеді, барлығы бірдей емес деген пікірде. 

«Соңғы айда айтылып жатқан дүниеге келіспеймін. Жеке пікірім, президентке ақпарат сәл бұрмаланып жеткен тәрізді. Кейбір мектептер дұрыс емес жасаған шығар, заң бұзған шығар. Талапты күшейтсін. Бірақ бұл бүкіл нарықты бұзбауы керек. Егер қаржы жымқыру, алаяқтық мәселесі болса, ол бірінші жекеменшік мектептердің емес, жергілікті атқарушы ұйымдардың себебі деп ойлаймын. Нақты айтсам, қаржыны бөлу дұрыс ұйымдастырылмай, соның әсерінен шығындар артып кеткен болуы мүмкін», – дейді Қанат Өксікбаев. 

Ол – Joo High School мектептер желісінің бас директоры. Қазір Қазақстан бойынша он мектебі бар. Олар Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе сияқты ірі қалалармен қатар, Шардара мен Жетісай сынды аудан орталықтарында орналасқан.

«Назарбаев мектебі сияқты “элиталық» мектептерге түсу үшін күрделі емтихан тапсыру керек. Шыны керек, ауылды жерлердегі дарынды балалар ондай мектептерге баруға жүрексінеді, кейде тіпті мүмкіндігі де жете бермейді. Осы алшақтықты жою үшін ауыл балалары үшін Назарбаев мектебінің стандарттарына сай мектептер аштық”, – дейді ол мектептері жайлы. 

Қанат Өксікбаев
фото: жеке мұрағаты

Joo High School-дың ірі қалалардағы бағасы айына 75 000 теңгеден басталады, ал аудан мен шалғай аймақтарда айына 25 000 – 30 000 теңге. Тиісінше мемлекеттік қаржыландыру алады. Бірақ жағдай былтырдан бастап қиындаған. 

«Былтыр сәуірден бастап Атырауда, басқа өңірлерде мамырдан бастап кешіктірулер болды. Жаңа оқу жылының тек төрт айының қаржысы түсті, оның өзі желтоқсанда. Бала санына қарай емес, қаржыны мектеп сыйымдылығына қарай есептеп берді. Жетісайдағы мектеп осы жылы жаңадан ашылған еді, құжаттары дұрыс. Бірақ оны қаржыландырудан толығымен бас тартты», – дейді Қанат Өксікбаев. 

Мемлекеттік қаржыландыру тоқтағанына қарамастан, Жетісай мектебі жұмыс істеп тұр, бірақ бүгінгі күнге дейін 90 млн теңге минусқа кеткен. Егер осылай жалғаса берсе, жабылуы мүмкін. Себебі ондай қаражатты қалта көтермейді.

«Біз ол өңірге мемлекеттік қолдау болатынына сенімді болып бардық. Ал енді мемлекет төлемеген қаржыны ата-ана төлеуі керек, бірақ ол аймақтар тым жоғары бағаны көтере алмайды. Демек жабылудан басқа амал жоқ», – дейді мектеп иесі. 

Спикердің сөзінше, жекеменшік мектептерге тексеріс бұрыннан да күшті болған.

«Бізде НОБД бағдарламасымен тексеріп отырады. Егер мен бір баланы артық жазсам, бала санын өтірік көрсетсем, ертең маған он есе айыппұл төлеткізіп, шығарып алады. Сол бала үшін алған қаражат белгілі бір сомадан асып кетсе, қылмыстық іс қозғалады. Шынын айтқанда, жекеменшік мектептің қаржыландыруында мемлекеттік алдайтындай тетік жоқ. Барлығын тексеріп отырады», – деп түсіндіреді спикер. 

Бұл мәселеге Қаржы министр Мәди Такиев те түсініктеме берген. Жекеменшік мектептерге бюджет бөлуде заң бұзушылық болғанын билік органдары біліп отырған дегенді айтқан. 

«Мұндағы заң бұзу мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар жүйені қадағалаусыз қалдырғанын, немесе өздері осы жүйеге тікелей қатысқанын көрсетіп отыр», – деген еді министр Үкімет отырысында.

Мектеп бағасын көтеруге мәжбүрміз

Бақнұр Зиябековтің білім беру саласында 15 жылдық тәжірибесі бар. Beta High School мектебінің құрылтайшысы. Бұл білім ошағы әу баста қаржыландыру алмаған. Мемлекеттік қолдау болады деген жоспармен 2024 жылы ашылған. Кейін қаржыландыру берілмейтін болған соң, коммерциялық моделін өзгертеді.

“Қаржыландыру келмейтін болған соң, бағаны көтердік. Ата-аналарға мемлекеттен ақша бөлінбейтінін, енді басқа модель бойынша жұмыс істейтінімізді түсіндірдік. Шамамен 30 пайыз ата-ана кетті, 70%-ы қалды. Жыл сайынғы баға 2 млн теңге еді, соны 3 млн теңгеге көтердік», – дейді Зиябеков.  

Beta High School – америкалық және қазақстандық аттестатты қатар береді. Спикердің сөзінше, мұндай оқу моделі ата-аналар арасында сұранысқа ие. Қазір 300-ге жуық бала оқиды.

Бақнұр Зиябеков
фото: жеке мұрағат

Бақнұр Зиябеков қазір тым асығыс шешім қабылданып жатыр дегенге келіседі. 

«Бұл жағдайды бір кейспен салыстырғым келеді. Бұрын Қазақстанда республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары ЖОО-ға түсетін кезде ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдана беретін. Бірақ 2015-2016 жылдары бұл тәжірибені қайта қарап, республикалық олимпиада жеңімпаздары бұл тізімнен алынып тасталды. Кейін сарапшылар бұл шектеуге наразы болып, талапты қайта қарау керек дейді. Қазір аздаған өзгеріс енгізіліп, республикалық олимпиадаға қатысқандарға біраз жеңілдіктер берілді. Өкініштісі, осы енгізу-түзетудің арасында жүздеген мектеп оқушылары өздеріне тиесілі мүмкіндіктен айырылды. Әу баста, үкімет бірден белден кеспей, зерттеу жүргізгенде, мұндай аласапыран болмайтын ба еді. Қазіргі жағдай тура соған ұқсас. Әр жағдайды жеке қарамай, ауыздағы отыз екі тісті тұтас қағып алғандай қылды. Жекеменшік мектептердің қалай пайда болғанын, нарықта қалай жұмыс істеп жатқанын, инвестиция қалай құйылғанын білу маңызды. Сол ақпаратқа сүйене отырып шешім қабылдау керек»,- дейді. 

Ол дұрыс емес, заңсыз жұмыс істеген ойыншылар болған шығар, бірақ уақыт өте келе нарықтың өзі оны тазалап тастайтын еді, бірақ енді сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан мектептерге де жабылу қаупі төніп тұр дегенді айтады.

«Спорт және өнер саласындағы мықты, авторлық мектептер бар. Оларды өз саласымен ұзақ жыл шұғылданған, өз ісін сүйетін, дарынды балалар тәрбиелегісі келетін нағыз шеберлер ашқан. Бірақ олардың жұмыс істеуі қиындап, жабылып қалуы мүмкін», – деп түсіндіреді Beta High School  құрылтайшысы. 

Министрліктің мектеп директоры әкімдікпен келісу керек деген ұсынысының да тәуекелдері бар. Спикердің айтуынша, аймақтарда жемқорлық тағы өршуі мүмкін. 

«Алматы мен Астанада жемқорлық болмайтын шығар. Бірақ аймақтарға күмән бар. Себебі ол жерде табыс көзі аз. Құрылтайшы немесе жекеменшік мектеп иесіне әкімдікпен келісіп алып, жұмысын жалғастыра берген ыңғайлы. Ал мегаполисте басқа бизнеспен айналысуға болады. Тіпті мемлекет көмегінсіз де жұмыс істей береміз. Тек ата-аналардың қаржысымен жекеменшік мектепті ұстап тұруға болады. Ал ондай қаржыны аймақтарда төлей алатын ата-ана жоқ, сондықтан келісуге тура келеді», – дейді Бақнұр Зиябеков. 

Үкімет шешімінен кейін нарық қалай өзгереді?

Бірінші өзгеріс – баға өседі. Жекеменшік мектептер мемлекеттік қолдау алғандықтан, ата-аналар әлдеқайда аз қаржы төлейтін немесе тегін оқыды. Ал бюджет ақшасы тыйылса, мектеп бағасын көтеру қажет болады.

«Қаржыландыруды шектейтін болса, нарықта өзгерістер болатыны анық. Жекеменшік мектептердің бір бөлігі жабылып қалады, ал өзгелері бағаны көтереді. Ортада қиналатын – ата-аналар. Олар не қымбат мектепке баласын береді не 30 оқушы оқитын мемлекеттік мектепке жіберуге мәжбүр болады. Өйткені қазір мемлекет ақшаны үнемдейтін болса, ертең одан да көп шығындалады. Қазіргі жүйе бойынша, кәсіпкерлер ғимарат салады, мектеп санын көбейтіп, бала оқытады. Үкімет субсидия төлейді. Ал ертең мемлекет соның барлығын өзі жасауы керек», – дейді Қанат Өксікбаев. 

Ал Бақнұр Зиябеков, нарықта монополия орнайды деген пікірде.

«Кішкентай мектептер жабылып қалады, ол анық. Бізде сол тзіміде бар шығармыз, бірақ бізді сақтап тұрғаны америкалық аттестация. Бұл салада нарық бар, шетелдік аттестацияға сұраныс бар. Сондықтан үш жүз баланы жақсы алып келе жатырмыз. Ал мемлекеттік қолдау алып келе жатқан шағын мектептер жабылса,  нарықта тек ірі ойыншылардың монополиясы пайда болуы ықтимал», – деді ол.

Қазақстанда 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Олардың жеті жүзден астамы цифрландырылған. Енді Бас прокуратура солардың барлығын тексермекші. 

Бірақ тексеріске ілінген мектептің барлығы бірдей заңсыздыққа барды деген сөз емес дейді Дәурен Қаупынбаев. Ол алғашқылардың бірі болып елдегі жекеменшік мектептердің жұмысын бастаған.

«Қазақстанда жүздеген жекеменшік мектептер инфрақұрылымға, кадрларға, қауіпсіздікке инвестиция салып, салық төлеп, ата-ана мен балалар алдында жауапкершілік алып отыр. Олардың көпшілігі бюджетке миллиондап салық құйды. Сондықтан бәрін жаппай бақылауға аламыз деп емес, толыққанды серіктес жасайық деген модельді жүзеге асыру керек. Қатаң кәсіби стандарттар, ішкі аудит пен тексеру механизмдерін қалыптастыру қажет. Кәсіби қауымдастық заңсыз іс-әрекетке барған ойыншыларды өздері ығыстырып тастай алатындай болуы тиіс», – деген шешім айтады ол.

Жекеменшік мектептерді жауып жатқанда, елдегі жалпы мектеп тапшылығы мәселесі әлі де шешілген жоқ. 7700-нан аса мемлекеттік мектеп, жалпы төрт млн оқушы тіркелген. Қала мектептерінде бір сыныпта 30-35 оқушыдан отыратыны, рас. 

EnergyProm деректеріне сүйенсек, өткен оқу жылында 4,6 мың  мектеп екі ауысымда жұмыс істеген. Бұдан бөлек, 95 мектепте балалар үш ауысымда оқыды. Ал бір ауысыммен жұмыс істейтін мектептер саны небәрі 2,2 мыңды құрады.

Жыл өткен сайын оқушы орындарының тапшылығы да артып барады. 2024/2025 оқу жылында орын жетіспеушілігі 288,5 мыңды құрады. Салыстырмалы түрде алсақ:

  • 2021/2022 оқу жылында – 210,1 мың орын;
  • 2020/2021 оқу жылында – 264,8 мың орын тапшы болған.

Келесі жылы мектеп партасына 400 мың бірінші сынып оқушылары отырады деген болжам бар.

Сондай-ақ оқыңыз