Атырау өңірінде мал қырылып жатыр: әкімдік түсініктеме берді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округіндегі малдың қырылу фактісі бойынша KursivMedia порталына әкімдіктен жауап келді.

Әкімдік мал қырылғанын растады

Ресми жауапқа сәйкес, аудан аумағындағы мал басын 2025-2026 жылы 80,5 мың тонна мал азығы дайындалған. Оның 10 мың тоннасы алдыңғы жылдан ауысып қалған қор есебінен қамтамасыз етілсе, 70,5 мың тоннасы былтыр дайын болған. Мал азығын дайындау науқанына 26 арнайы бригада жұмылдырылып, 53 бірлік шөп шабу және тасымалдау техникасы пайдаланылған. Атап айтқанда, 26 трактор, 28 трактор тіркемесі іске қосылып, жұмыстарға жалпы 73 адам тартылған.

Ауданда дайындалған 70,5 мың тонна мал азығының 49,2 мыңы (69,3%) сырттан – Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және көршілес Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан жеткізілген. Ал 21,7 мың тоннасы (30,7%) ауданның өз аумағында – құм өңірі, теңіз жағалауы және қатқыл бойдағы шабындықтардан жиналған. 2026 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қамысқала ауылдық округінде 5741 мүйізді ірі қара, 6774 жылқы, 2070 түйе, 5952 қой ешкі тіркелген.

«Қаңтар айында шаруагерлер тарапынан жинақталған бейресми ақпаратқа сәйкес Қамысқала ауылдық округінде 50 бастан астам жылқы малының шығыны орын алған», – делінген хабарламада.

Мәселені қалай шешкелі отыр

Аудан әкімдігі өндірістік кәсіпорындардың арнайы техникалары арқылы мал азығын тасымалдау жұмыстарын жоспарлап отыр. Қажетті мал азығын сатып алу үшін өңірлермен келіссөз жүргізген.

«Биылғы жылы елді – мекендердегі тұрғындардың, шаруагерлердің алдағы қысқы маусымда ауа-райының қолайсыздығы туындаған уақытта резервке мал азығын сақтау үшін ангар немесе арнайы жабдықталған орынжай дайындау жоспарланып отыр. Коммуналдық меншікке мал азығын тасымалдау үшін арнайы Камаз автокөлігін де сатып алу жоспарда бар. Бұл жоба жаз мезгілінде жемді төмен бағада сатып алып, қыс мезгілінде мал иелерін қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталады», – делінген жауапта.

Мал азығының бағасы қанша

Әкімдіктің мәліметінше, мал азығын дайындау кезінде шөптің бағасы 2025 жылы теңіз жағасында 4 000-5 000 теңгеден, ауданға жеткізілгенде 7 500-8 000 теңгеден сатылған. Ал басқа өңірлерден жеткізілген шөптің бағасы 11 000-12 000 теңге шамасында болған. Қазір теңіз жағасынан, Құрманғазы ауданынан тасымалданатын шөп – 9 000 теңге, Қызылқоға өңірінен тасымалданатын шөптің бағасы – 12 000-13 000 теңге.

Құрама жем Батыс Қазақстан және Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС кәсіпорнынан, сондай-ақ Астрахань облысынан тасымалданып жатыр. 2025 жылы кебек жемнің бағасы 20 келісі үшін 2200-2300 теңге аралығында сатылған. 2026 жылы кебек жемнің бағасы 20 кг үшін 2600 теңге, тартылған бидай 25 кг үшін 3400-3600 теңге шамасында сатылып жатыр. Қазіргі уақытта аудандағы 14 кәсіпкерде 26,7 тонна кебек жем қоры бар.

Айта кетейік, Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқалы ауылдық округінің жайылымдарын қаңтарда жауған жаңбырдан кейін қалың мұз басқан. Жылқы малы тебіндеп шөпке жете алмай, қыстақта қырылып жатқанын бұған дейін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз