
2029 жылы X Қысқы Азия ойындары Алматы қаласында өтетін болды. Өйткені Сауд Арабиясы ірі спорт жарысына дайындалып үлгермеді.
Алматы екінші мәрте Қысқы Азия ойындарының астанасы атанады. Азиада-2029 Қазақстандағы ең ірі мегаполисте өтетін болды.
Ірі турнир Сауд Арабиясының Неом қаласында өтуі керек болған. Алайда арабтар жауапты жарысқа тыңғылықты дайындалып үлгермеді: спорт нысандарының құрылысы бітпей жатыр. Соған байланысты Эр-Рияд пен Азия Олимпиада кеңесі келісімге отырды. Құжат бойынша, Неомдағы ойындар кейінге қалдырылды.
Осылайша, 2029 жылғы Азиада, яғни 10th Asian Winter Games Алматы қаласында өтетін болды. Ресми келісімшартқа 2026 жылғы 5 ақпанда Милан қаласында қол қойылады.
Естеріңізге сала кетейік, VII Қысқы Азиада 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында қатар өткен. Ал 2017 жылы Алматы Қысқы Универсида астанасы атанған.