
Беларусь билігі шетел азаматтары үшін дактилоскопиялық тіркеуді міндеттейтін заң қабылдады. Енді Беларуське баратын қазақстандықтар да шекарадан өту кезінде саусақ ізін тапсырады.
Құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында саусақ іздерін алу міндеттелетін тұлғалар санатын кеңейтеді.
«Заңға сәйкес, мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде шекаралық бақылаудан өтетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ депортациялауға, елден шығаруға немесе реадмиссия жөніндегі халықаралық шартқа сәйкес берілетін тұлғалар дактилоскопиядан өтеді», – делінген президенттің ресми сайтындағы хабарламада.
Сондай-ақ Беларуське кіруге тыйым салынған немесе сол ел кіргенін қаламайтын тұлғалар да дактилоскопиялық тіркеуден өтеді.
Дактилоскопиялық деректерді құқық қорғау органдары, соттар, ішкі істер және шекара қызметі пайдалана алады.