Мемлекетіміз барда тіліміз ешқашан тұғырдан түспейді – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасындағы қазақ тілі мәртебесіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Жандос Шаймарданов қоғамның құжат жобасындағы мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселеге назар аударғанын айтты.
«Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, 9-бап 1-тармақта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тілі жоқ. Тіліміз биік тұғырда. Өз орнында. Мемлекет барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді. Сол үшін мемлекетті сақтау керек, мемлекеттік қорғау керек, ең бірінші ел бірлігін ойлау керек», – деді Қарин.
Айта кетейік, Конституция жобасының мәтіні жарияланғаннан кейін, халықтан төрт мың хат түскен.