
2025 жылы жүргізілген кешенді тексерулердің нәтижесінде Қазақстанда 400-ге жуық жеке медициналық ұйымның қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тексеру барысында 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылып, 70 млн теңгеден аса айыппұл салынған.
«2025 жылы жүргізілген кешенді тексерулердің қорытындысы бойынша Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау субъектісі қызметін тоқтатты», – делінген хабарламада.
Комитеттің дерегінше, негізгі тексерулер жеке емшара кабинеттеріне, наркологиялық оңалту орталықтарына және стоматологиялық клиникаларға жүргізілген. Ел бойынша анықталған 1900-ден астам жеке емшара кабинетінің 406-сы лицензиясыз жұмыс істеген. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 247 кабинет өз еркімен жабылған.
Сонымен қатар 39 жеке наркологиялық және оңалту орталығы тексеріліп, оның 14-інде лицензия болмаған. Ал стоматологиялық клиникаларға қатысты 313 нысан тексеріліп, 143 клиника қызметін өз еркімен тоқтатқан.
Еске салсақ, жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық барын айтып, аталған мәселені шешуге тапсырма берген еді.