Масаға қарсы 13 млрд теңгені кәсіби палуанның клининг фирмасы игереді

Жарияланды 3 Ақпан 2026 14:42

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
кәсіби палуан Әміре Бағұстар
«Қажымұқан тасын» көтерген палуан Әміре Бағұстар енді масамен күреседі / фото: instagram.com/amri.bagustar, бильд-редактор Дастан Шанай

Маса мен шыбын-шіркейге қарсы күреске бөлінген 13,6 млрд теңгені кәсіби палуан Әміре Бағұстардың клининг компаниясы игереді. Әкім Асайын Байханов басқаратын өңір дүйсенбі күні түнде тендер нәтижесін жариялады.

Тендер нәтижесі

Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы қан соратын жәндіктермен күреске бөлінген 13 млрд 674 млн 377 мың теңгені игеруге қатысты тендер нәтижесін 2 ақпан күні түнде жариялады. Байқауға өтініш қабылдау сол күні аяқталған.

Тендерге үш компания өтініш берген. Олар:

  • «В и К ЛТД» клининг фирмасы;
  • QSM Engineering компаниясы;
  • «ҚазақБитум» компаниясы.

Комиссия алғашқы екеуін тендерге өткізіп, Түркістан облысындағы бір ауылда тіркелген үшіншісін байқаудан шығарды.

Қанат Момынов төрағалық еткен комиссия мүшелері «В и К ЛТД» компаниясын жеңімпаз деп таныды.

Павлодар
Масаға қарсы тендердің қорытынды хаттамасынан скриншот

Тендер жеңімпазы кім?

eGov мәліметінше, «В и К ЛТД» компаниясының жалғыз қожайыны – Амри Багустар Қайратұлы. 1996 жылы Астана қаласында құрылған компания 2024 жылғы 24 қазанда қайта тіркеуден өткен. Фирма су құбырларын дайындаумен, клинингпен, сонымен бірге құрылыспен айналысады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, «В и К ЛТД» фирмасы 2025 жылы 460 млн теңге салық төлеген.

«Қажымұқан тасын» көтерген палуан

Клининг фирма туралы мәлімет көп емес. Бірақ ашық дереккөздерде оның қожайыны жайында дерек жеткілікті. Амри Багустардың (қазақ баспасөзінде Әміре Бағұстар) кәсіби спорттағы жетістіктері БАҚ пен әлеуметтік желілерде көп жазылған.

Мәселен, 2017 жылы 17 жастағы палуан 300 келілік «Қажымұқан тасын» көтеріп, көпшілік назарына іліккен. Павлодарлық ақпарат құралдарында Әмірені «ақсулық қазақ барысы» деп сипаттайды. Ол Ақсу ауданындағы осы турнирдің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Кәсіби спортта басқа да жетістіктері жетерлік.

Павлодар облысы маса мен шыбын-шіркейге қарсы күрес Асайын Байханов
Әкім Асайын Байханов халықтың мазасын қашырған масадан арылғысы келеді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бір тендер тарихы

Енді оның клининг фирмасына алдағы үш жылда 13 млрд теңгені игеруге – өңірдегі маса мен шыбын-шіркей популяциясын реттеуге тура келеді. Қазақстан тарихында мұндай қомақты қаражат қан сорғыштармен күреске ешқашан бөлінген емес.

Kursiv.Media әкім Асайын Байханов басқаратын өңірдің масаға қарсы ірі тендер жариялағанын 2025 жылғы 22 желтоқсанда жазған. Мемлекеттік сатып алу туралы мәлімет ертесіне вице-премьер Серік Жұманғаринге дейін жетіп, шенеунік Павлодарға хабарласатынын айтқан. Ал 2026 жылғы 14 қаңтарда тендер өтпей қалғаны мәлім болса, 26 қаңтарда өңір әкімдігі байқауды қайта жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз