Банк пен қаржы

Бір адамның басында бірнеше «рассрочка» бар: тауарды бөліп төлеу белең алған

Тауарды бөліп төлеу белең алды / Фото: shutterstock

Қазақстанда тауарды пайызсыз бөліп төлеуге алу тұтынушылық несиенің ең жылдам дамып келе жатқан сегментіне айналды. Ұлттық банк алғаш рет бұл нарық бойынша толық деректерді жариялап, Halyk Finance сарапшылары бөліп төлеудің ауқымы мен тәуекелдеріне назар аударды.

Бөліп төлеудің үлесі артып келеді

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, бөліп төлеудің тұтынушылық несие құрылымындағы үлесі 2022 жылғы сәуірдегі 14,7%-дан 2025 жылғы тамызда 19%-ға дейін өсті. Ал 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 21,1%-ға жеткен. Halyk Finance сарапшылары мұны халықтың қысқа мерзімді және пайызсыз қаржы құралдарына сұранысының артқанымен байланыстырады.

«Рассрочкаға» сұраныс жоғары

Зерттеу нәтижесі бойынша, бөлшек несие алушылардың 63%-ы «рассрочка» рәсімдеген. Бұл – жоғары көрсеткіш. Көп жағдайда мұндай қарыз күнделікті тұрмыстық тауарларды сатып алуға бағытталған.

Қысқа мерзімді және «ұсақ» қарыздар басым

Бөліп төлеу несиесі негізінен екі жылға дейінгі мерзімге беріледі. Орташа қарыз көлемі 284,2 мың теңгені құрайды, ал ең жиі қолданылатын мерзім – 12 ай. Бір адамның басында бірнеше осындай қарыз бар.

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, бөліп төлеу бойынша жалпы қарыздың 88%-ы борышкерлердің жартысына тиесілі. Бұл сегментте қарыздың шоғырлануы жоғары екенін байқатады және тәуекелдерді мұқият бақылауды талап етеді.

Бөліп төлеуге алған борыш тез қайта ма?

Halyk Finance сарапшылары бұл портфелінің сапасы дәстүрлі тұтынушылық несиемен шамалас екенін атап өтеді. 2025 жылдың тамызында тұтынушылық несиелердегі 90 күннен асқан мерзімі өткен қарыз үлесі 6,65%-ға жеткен, ал «рассрочка» «сегментінде бұл көрсеткіш төмендеу болған.

Ұлттық банк рассрочканы жеке кредиттік өнім санаты ретінде бөліп, оған тұрақты мониторинг жүргізуді ұсынды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам халықтың нақты кредиттік жүктемесін дәлірек бағалауға және бөлшек несиелеудегі тәуекелдерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтар 2024 жылы бөліп төлеу тәсілімен 2,4 трлн теңгеге тауар алған.