
«ҚазТрансОйл» АҚ 2026 жылғы 1 наурыздан магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымадау құнын көтереді. Теміржол цистерналарынан мұнай құю, қайта ауыстырып құю, сондай-ақ Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы транзитпен тасымалдау қызметінің ақысы қымбаттайды.
Атап айтқанда, Т. Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында (МАС) теміржол цистерналарынан мұнайды құю тарифі айтарлықтай өседі. 2026 жылғы 1 наурыздан бастап бұл қызметтің құны 1 тонна үшін 1 715,05 теңгені (ҚҚС-сыз) құрайды. Өсім 969 теңге немесе 130 пайыз болды. Бұл – тарифтік өзгерістер ішіндегі ең жоғары өсім.
Сол станцияда мұнайды «Кеңкияқ – Атырау» магистральдық мұнай құбырына ауыстырып құю қызметі де қымбаттайды. Алайда мұндағы өсім салыстырмалы түрде төмен: тариф 1 тонна үшін 80,99 теңгеге дейін өсіп, 0,6 теңгені немесе 0,8 пайызды құрады.
Ал «Шағыр» мұнай құю эстакадасында мұнайды теміржол цистерналарына құю қызметінің тарифі 84 пайызға өседі. Нәтижесінде 1 тонна мұнай құю құны 517,00 теңгеге (ҚҚС-сыз) жетеді.
Ресей мұнайын тасымалдау құны қымбаттайды
Сонымен қатар, Ресей Федерациясынан шыққан мұнайды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзит тасымалдау құны да қайта қаралды. 2026 жылғы 1 наурыздан бастап бұл қызметтің тарифі 1 тонна үшін 28,02 АҚШ долларын құрайды
Осы тарифтің ішінде «Шағыр» мұнай құю пунктінде мұнайды теміржол цистерналарына құю қызметінің құны да артты. Бұл тариф 1 тонна үшін 0,96 АҚШ долларына (ҚҚС-сыз) жетіп, 0,12 долларға немесе 14 пайызға өсті.
«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстандағы магистральдық мұнай құбырлары ұлттық операторы. Компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы және 5,2 мың шақырымнан асатын мұнай құбыры желісін басқарады.
Бұған дейін компания ішкі нарыққа мұнай тасымалдау құны алдағы бес жылда кезең-кезеңімен қымбаттайтынын хабарлаған.