Ресей Қазақстанға алып шығуға болатын рубль мен алтын көлемін шектейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресейден алтын мен рубль шығаруға талап қатаңдайды / Фото: shutterstock

Ресей билігі капиталдың сыртқа бақылаусыз шығуын шектеу мақсатында алтын мен қолма-қол ақшаны шетелге әкетуге қатысты жаңа талап енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ елдері, соның ішінде Қазақстанға да тікелей әсер етеді. Бұл туралы «Интерфакс» агенттігі хабарлады.

Алтынға қойылатын жаңа лимит

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Ресейден жеке тұлғаларға салмағы 100 грамнан асатын алтын құймаларын алып шығуға тыйым салынады. Бұл шектеу ЕАЭО елдеріне сапарлар үшін де қолданылады. Яғни Қазақстанға бағыт алған азаматтар да осы талапқа бағынады.

Алайда белгілі бір ерекшеліктер бар. Егер жолаушы Шереметьево, Домодедово, Внуково немесе Владивостоктағы «Кневичи» әуежайлары арқылы ұшса және Ресейдің Пробирлік палатасының арнайы рұқсатын алса, алтынды белгіленген лимиттен артық алып шығуға мүмкіндік беріледі.

Қолма-қол рубльге бақылау күшейеді

Алтынмен қатар, қолма-қол рубльді әкетуге де жаңа талаптар енгізіледі. Жеке тұлғаларға ЕАЭО елдеріне 10 мың АҚШ долларының баламасынан асатын рубльді алып шығуға тыйым салу ұсынылып отыр.

Ерекше жағдайда, яғни халықаралық әуежайлар арқылы шыққанда, бұл соманы тасымалдауға болады. Бірақ мұндай кезде кеден органдарына міндетті түрде хабарланып, ақшаның қайдан алынғаны мен қандай мақсатта пайдаланылатыны көрсетілуі тиіс. Ал егер сома 100 мың доллар баламасынан асса, қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттар талап етіледі.

Қазақстан азаматтары нені ескеруі керек?

Жаңа ережелер Қазақстан азаматтарының Ресейден алтын немесе ірі көлемде қолма-қол рубль алып шығу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.

Бұған дейін мұндай лимит болмағанын ескерсек, алдағы кезеңде қаржыны жоспарлау мен тасымалдау тәртібіне мұқият қарау қажет болады.

Бірнеше айдан бері Қазақстан халқының рубльге деген сұранысы төмендеген. Қараша айында айырбастау пункттері рубльді 18,6 млрд теңгеге сатып алса, желтоқсанда бұл көлем 11,8 млрд теңгеге дейін азайған.

Сондай-ақ оқыңыз