Авто

Қазақстандағы қытай көліктері: сапа мен сенім артты ма

Chery, Haval, Tank және Changan
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы жылдары Қытай автокөліктері Қазақстан нарығында жылдам танымал болып, автосектордағы ең көп талқыланатын тақырыпқа айналды. 2025 жылы аспан асты елі брендтерінің үлесі шамамен 39%‑ға жетті. Бұл жаңа көліктер сатылымының жартысына жуығы.

Мұндай танымалдық кездейсоқ емес. Қытай көліктерінің бағасы тиімді, қарапайым нұсқаларының өзінде толық жиынтықта болады. Бұған қоса талғам мен таңдауға қарай әртүрлі модельдер ұсынылады. Көптеген қазақстандықтар Chery, Haval, Geely, Changan, Jetour сияқты брендтерді таңдайды. Қазақстанның автокөлік одағының дерегінше, олар елде ең көп сатылған көліктердің ондығына кіреді.

Алайда бірнеше жыл өткен соң автокөліктің сапасы сыр бермей ме? Бұл сұраққа келгенде автоәуесқойлардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі сатып алғанына риза болса, екіншісі өкінішін айтады.

Қолдайтындар мен қорғайтындар

Бірінші, баға мен жиынтық. Қытай көліктерінің басты артықшылығы – баға мен жабықталуының үйлесімі. Яғни еуропалық, жапониялық, кореялық ең қымбат көліктегі жиынтықты қытайдың ең арзан көлігінен де кездестіруге болады. Бағасы шамалас еуропалық, жапон немесе корей көліктерімен салыстырғанда қытай кроссоверлері мен седандары көбіне толық жиынтықта келеді: мультимедиа, қауіпсіздік жүйелері, климат-бақылау және басқа функциялар. Бұл клиенттерге арзан бағаға толық жасақталған авто алуға мүмкіндік береді.

Екінші, таңдау жағы. Қытай брендтерінің үлесі артқан сайын ресми дилерлер сервис орталықтарын кеңейтуде және тиімді кредит, кепілдік шарттарын ұсынуда. Бұл жаңа сатып алушылар үшін тәуекелді азайтады. Статистикаға сәйкес, нарыққа жаңа қытайлық модельдер шығуда, ал ұсыныстар бюджеттік және премиум деңгейдегі барлық модельді қамтиды.

Үшінші, қайталама нарықтағы жағдай. Қытай көліктерінің бағасы қайталама нарықта жылдам құлдайды деген стереотипке қарамастан, жағдай жақсара бастады. Сарапшылардың айтуынша, қытай көліктерінің қайталама нарықтағы үлесі өсуде.

Жағымсыз жайттар да, жаңалықтар да бар

Бірінші, сенімділік пен сапа мәселесі. Қытай көліктерінің сапасы деген тақырып – ең көп талқыланатын мәселе. Темір тұлпар тізгініндегілердің пікірлері мен форумдардан алынған ақпарат бойынша, 2-3 жылдан кейін кейбір машиналарда: аспа элементтері, электрондық блоктар немесе салонының жабындысы жиі жөндеуді қажет етеді. Экобылғары тозады, басында жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алған түрлі элементтер, мысалы мультимедиа істен шығады.

Екінші, Қазақстанның климатына кез келген көлік шыдас бермейді. Ел климатында температураның кенет өзгеруі мен жол жағдайлары техникаға үлкен сынақ. Кейбір жүргізушілер қытай көліктерінде арнайы коррозияға қарсы қорғаныс қабаты болмайтынын айтады. Бұл ұзақ мерзімде кузов немесе кей бөлшектердің сапасына ықпал етеді. Үскірік аяз бен қытымыр қысқа литий батареялары да шыдас бермейді. Мұны көрші елден әкелінетін көліктер тақырыбында талқы ұйымдастыратын форумдардан жиі оқуға болады.

Үшінші, бағасы түсіп кетеді. Қытай көліктерінің қайталама нарығы өсіп келеді десек те, кейбір модельдер бағасын жапон немесе корей аналогтарына қарағанда тез жоғалтады. Бұл сатып алушылар үшін жағымсыз жайт тудырады. Мәселен, корей көлігі салоннан шыққан соң 15%-ға арзандаса, қытайлықтар 20-30%-ға жуықтайды. Бұған себеп, қытайлық автобрендтер көлікті жаңартуға яғни рестайлинг жасауға құмар. Әдетте жапон автокөліктері 5 жылда жаңарса, қытайлық автокөліктер 5 айда жаңарып жатады. Бұған себеп ішкі нарықтағы бәсеке. Бұдан зардап шегетін тұтынушы, алған көлігі 5 айдан соң жаңа бірақ рейтсайлингі шыққан соң ескі саналады. Әрі қытайлық автобрендтер жеңілдік жасауға құмар. Соның негізінде бағасын жиі түсіреді. Бұған себеп тағы да бәсеке.

Қазақстандағы қытай көліктерінің үлесі

Қытай брендтерінің үлесі 2020 жылы шамамен 2% болса, 2024-2025 жылдары ол шамамен 38-39%‑ға жетті. Бұл тек бағаның тиімділігінен ғана емес, сонымен қатар нарық трансформациясын да көрсетеді: қазақстандықтар қытай брендтерін сенімді балама ретінде қарастыруда. Жалпы, қытай автокөліктері Қазақстан нарығынан өз орындарын ала бастады. Әсіресе, құны 20 – 40 миллиондық көліктер арасында қытай көліктерінің бәсі озып тұр. Өйткені премиум нарықтағы Еуропа, Жапония, кәріс автокөліктерінің бағасы 35 миллионнан басталады. Әрі көпшілігінің жабдықталуы қарапайым. Сондықтан тұтынушы бұл санаттағы қытай көлігін алуға ұмтылады. Әрі соңы жылдары мамандар құны 20 миллионан асатын, елде диллерлік орталығы бар, ресми сатылатын, кепілдігі бар көліктеріне сенім білдіруге болатынын айтады.