
Биыл көктемде Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны болу қаупі бар. Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында топырақ біраз тереңдікке дейін қатқан, жер бетіндегі қар мен ылғал мөлшері де әдеттегіден көп. Мұндай жағдайда қар күрт еріп, су тез ағып кетуі мүмкін деп ескертеді «Қазгидрометтен».
Жазық аймақта су тасқыны болады деп айтуға себеп – еріген қар суы. Дәл осы су көктемгі ағынның негізгі көлемін қалыптастырады. Мамандардың бақылауынша, әдетте су тасқынының шарықтау шегі наурыз мен сәуірдің соңында болады.
Қауіп деңгейі жоғары аймақтар:
- Солтүстік Қазақстан,
- Шығыс Қазақстан,
- Абай,
- Ақмола,
- Қарағанды облыстары.
Орташа қауіп деңгейіндегі өңірлер:
- Батыс Қазақстан,
- Ұлытау,
- Павлодар,
- Ақтөбе,
- Түркістан,
- Алматы,
- Жетісу,
- Қостанай облыстары.
Ірі көлемдегі су тасқынының ықтималдығы ең төмен өңірлер:
- Атырау,
- Маңғыстау,
- Қызылорда,
- Жамбыл облыстары.
Үкімет су тасқыны қаупі бар өңірлерді қорғау үшін бюджеттен миллиондаған қаржы бөлді. Мәселен, былтыр жазда Қостанай облысын су тасқынынан қорғау үшін Үкімет резервінен 1 млрд теңге жіберді.
Қазақстанның шалғай елдімекендерін қорғау үшін Жапония да арнайы грант бөліп, 2 млн доллар бермекші.