
Қазақстан мен Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы Kursiv.Media Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Министрлік делегациясы Қытайдың Циндао қаласындағы стратегиялық кеңеске қатысты. Бұл кеңес Шымкенттегі зауытты кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді.
Кездесу барысында тараптар жобаны іске асырудың негізгі параметрлерін бекітті. «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясы бастапты деректер пакетін ұсынса, Шығыс Қытай жобалау институты бекітілген техникалық тапсырмаға сай жұмыстарды бастауға дайын екендігін растады.
«Келіссөздердің басты нәтижесі — зауытты кеңейтудің «6+6» сызбасы бойынша (әрқайсысы 6 млн тоннадан болатын екі технологиялық желі) конфигурациясын бекіту болды», – деп таратты министрлік.
Қазақстан үкіметі елдегі үш мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын 39 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұған қоса, республикада бір жылдық қуаты 10 млн тонна өнім шығаратын жаңа зауыт салынады. Қазір үкімет қымбат жобаға инвестор іздестіріп жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының құрылысы 1972 жылы басталып, 1985 жылы іске қосылған. МӨЗ 2010-2018 жылдары жөнделген. Қазір мұнда бензин, дизель, авиакеросин және мазут шығарылады.
Зауыттың басты акционерлері: «ҚазМұнайГаз» бен CNPC қытай компаниясы.