
Елдегі блогерлер 18 млрд теңгеден аса табысын декларациялап есеп берді. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы салық органдары 854 инфлюенсер мен блогерге 1 586 хабарлама жолдаған. Оған себеп – блогерлердің өз табысын төмендетіп көрсетуі. Салықшылар дерегінше, 2022–2023 жылдар аралығында олар табысын 71,9 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен.
«Қазіргі таңда 622 блогер қосымша декларация нысандарын тапсыру арқылы 18,2 млрд теңге көлеміндегі табысын көрсеткен. Осы сомаға 875,5 млн теңге салық есептелген», – деп нақтылады МКК.
Блогерлердің кірісін есепке алу науқаны былтыр басталған. Көктемде 850 блогер табысын толық көрсетпеген деген ескерту алды. Кейінірек олардың 40%-дан астамы кірісін декларациялап, 256 млрд теңге салық төледі.
Жазда салықшылар табысын көрсетпеген 438 блогерге тексеру жүргізетінін хабарлаған.
Мұның барлығы медиада үлкен шу болды. Тамызда Салық кодексіне өзгеріс енгізіліп, ютуб немесе тик-токтан табыс табатын блогерлер декларация тапсырып, мемлекетке салық төлеуге міндеттелді.