Талдықорғанда әкесі үш жастағы сырқат қызын ұрып-соққан

Талдықорғанда ер адам үш жастағы қызын ұрып-соққан. Содан кейін қыз облыстық балалар ауруханасына түскен.
Жетісу облысы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Молдақұлұлының айтуынша, қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қазір бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Сондай-ақ балаға дене жарақатын салған қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Молдақұлұлы.
Қыздың сырқаты болған
Әлеуметтік желіде өзін «Солнце в Ладошках» қайырымдылық қорының қызметкері деп таныстырған Екатерина Доброва есімді қолданушы үш жастағы қыздың сырқаты барын жазды.
«Екі жыл бұрын мен осы кішкентай қыздың бауырын ауыстыруға қаражат жинаған едім. Қыз туралы дәрігерден білдік, содан кейін отбасымен байланысқа шықтық. Алайда әкесінің баланы құтқару жоспары болмаған, тіпті керісінше ол бұған кедергі келтірген», – деп жазды Доброва.
Содан кейін бүлдіршін мен анасы Түркияда ем қабылдаған. Әйел қор өкілдеріне енді күйеуімен бірге тұрмауға уәде берген екен.
Полиция не дейді
Жергілікті полицияға хабар ауруханадан түскен. Содан кейін полиция «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғады.
Полиция ер адамды тұрғылықты мекенжайынан масаң күйде ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір анасы баламен бірге медициналық мекемеде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынған.