
Талдықорғанда ер адам үш жастағы қызын ұрып-соққан. Содан кейін қыз облыстық балалар ауруханасына түскен.
Жетісу облысы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Молдақұлұлының айтуынша, қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қазір бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Сондай-ақ балаға дене жарақатын салған қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Молдақұлұлы.
Полиция не дейді
Жергілікті полицияға хабар ауруханадан түскен. Содан кейін полиция «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғады.
Полиция ер адамды тұрғылықты мекенжайынан масаң күйде ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір анасы баламен бірге медициналық мекемеде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынған.