Украинаға НАТО әскері қашан кіретіні белгілі болды

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Киевке сапары барысында Жоғарғы Радада сөйлеген сөзінде Украинаға НАТО әскері кіретінін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Ресеймен қақтығысты тоқтату туралы бейбіт келісім жасалғаннан кейін бірден ел аумағына шетелдік әскери контингент орналастырылмақ. Бұл туралы РБК хабарлады.
«Бейбіт келісімге қол қойылған сәттен бастап, оған келіскен НАТО елдерінің қарулы күштері, әуе қолдауы және теңіздегі қолдау бірден іске қосылады», –деді Рютте.
Ал Ресей тарапы Украина аумағында НАТО елдерінің әскері пайда болуына үзілді-кесілді қарсы екенін білдіріп келеді. Ресей Сыртқы істер министрлігі Батыс елдерінің әскери күштері мен нысандарын Украинаға орналастыру Мәскеу үшін қабылданбайтынын және бұл «Ресей қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін шетелдік интервенция» ретінде бағаланатынын мәлімдеген.
Бұған дейін Financial Times газеті дереккөздерге сілтеме жасап, Украина, АҚШ және Еуропа елдері кез келген бейбіт келісімді қолдауға арналған көпдеңгейлі жоспар жасап қойғанын жазған.
Басылым мәліметінше, егер Ресей келісімді бұзса, алғашқы жауап шаралары 24 сағат ішінде дипломатиялық ескерту мен Украина армиясының қарсы әрекетінен басталады. Әскери іс-қимыл жалғасса, жағдайға «қалаулылар коалициясы» араласуы мүмкін. Ал бітім бұзылғаннан кейін 72 сағат ішінде ауқымды шабуыл жалғасқан жағдайда, АҚШ пен Еуропа әскери шараларға кірісуі ықтимал.
Мұның алдында Ұлыбритания мен Франция Украинаға 15 мыңға дейін бітімгер жіберуді ұсынған болатын.