Турлов Қазақстанда тағы бір банк пен маркетплейс сатып алуды жоспарлап отыр

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов Қазақстанда тағы бір банк сатып алуды, жергілікті маркетплейс бойынша келісімге шығуды және Түркияда екінші деңгейлі банк табуды жоспарлап отыр. Осы мақсаттарды қаржыландыру үшін холдинг 500 млн АҚШ долларына дейін облигация шығару мүмкіндігін қарастыруда. Бұл жоспарлары туралы Турлов Bloomberg-ке берген сұхбатында айтты.
Турловтың сөзінше, Қазақстанда «теориялық тұрғыда» сатуға арналған бірнеше банк бар. Freedom Holding бұл банктерді баланстық құнынан сәл төмен бағада сатып алуға дайын. Мақсат – Freedom Bank-пен бірігіп, корпоративтік клиенттер базасына қол жеткізу. Сатып алынатын банк көлемі жағынан Freedom Bank-пен салыстырылатын болуы тиіс (активтері– 2,5 трлн теңге, капиталы – 500 млн АҚШ доллары).
Холдинг «жақын арада жергілікті сауда алаңын сатып алу туралы хабарлауы мүмкін». Оның атауы әлі жарияланбаған, бірақ келісім e-commerce бағытында дамуға қажет.
Басқа да нарықтар
Түркияда брокерлік лицензия алғаннан кейін, Турлов жергілікті банк сатып алуды жоспарлап отыр. Ол шамамен 300 млн АҚШ долларына тең капиталы бар банктерге қызығушылық танытуда.
«Көптеген банк осы талаптарға сәйкес келмейді», – деді кәсіпкер.
Турлов сондай-ақ, АҚШ-та SuperApp жобасын цифрлық экожүйе ретінде іске қосуды жоспарлап отыр. Ол бұл үшін финтех лицензиясын алу немесе жергілікті банктен серіктестік жасауды қарастырып отыр.
«Мен SuperApp өнімін АҚШ нарығында цифрлық экожүйе ретінде ұсыну мүмкіндігін зерттеп отырмын және оған қолайлы жолдарды іздеп жатырмыз», – деді ол.
Қаржыландыру
Oninvest атап өткендей, қаржы тартудың екі нұсқасы: Қазақстандағы Freedom Bank немесе Freedom Holding холдингі арқылы қарастырылып отыр.
Freedom Bank өз атынан облигация шығара алады. Бірақ Турлов қазіргі пайыздық мөлшерлемелерді (шамамен 9%) «мүлдем қызықсыз және қымбат» деген тұжырым жасап отыр. Сол себепті балама ретінде АҚШ инвесторлары үшін облигацияларды екінші холдинг арқылы шығару нұсқасын қарастырып отыр. Жоспарланған сома – 300–500 млн АҚШ доллары.
«Бізге ол жақта өзіміздің беделімізді қалыптастыруымыз қажет және бұл ұзақ мерзімді жоба деп түсінеміз», – деді Турлов.
Сонымен қатар Шығыс нарығына да назар аударылып отыр. Бұл орайда Гонконгта инвесторлармен кездесулер өтті және қазіргі уақытта долларға қарағанда тартымдылығы жоғары юаньда «димсам-бондтарын» шығару мәселесі қарастырылуда.
Телеком және жасанды интеллект
Турлов технологияларға инвестицияны жеке бағыт ретінде қарастырады. Ол телекоммуникациялық инфрақұрылымды және деректер орталықтарын дамытуға қосымша 200–300 млн АҚШ долларын тартуды жоспарлап отыр. Жаңа хабқа Nvidia чиптерін сатып алуға ғана шамамен 100 млн доллар кетуі мүмкін.
Жобаның мақсаты – деректерді өңдеу орталықтарын құру, олар Amazon және Microsoft сияқты клиенттерге бұлтты қызметтер ұсына алады, сонымен қатар мемлекеттік мекемелерден бастап жоғары есептеу қуатын қажет ететін корпоративтік клиенттерге дейін қызмет сата алады.
Осыған дейін Freedom Holding Corp. 2026 қаржы жылының екінші тоқсанының (2025 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталған кезең) қорытындыларын жариялаған еді. Есеп бойынша, алты айдағы кіріс 1,06 млрд АҚШ долларын құрады, оның 526,1 млн доллары екінші тоқсанда түсті.
Алты айдағы таза пайда – 69,1 млн доллар, салыққа дейінгі пайда – 101 млн доллар. Бір ортақ акцияға түсетін пайда – 1,15 доллар. Бас директор Тимур Турлов холдингтің цифрлық және қаржылық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салуды жалғастырып жатқанын атап өтті.
Тимур Турлов – қазақстандық бизнесмен, Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы. Оның активтері Forbes Real Time бойынша 5,2 млрд АҚШ доллары бағаланады.
Freedom Holding Corp. брокерлік қызметтерді, Freedom Bank цифрлық банкін, сақтандыру компанияларын және лайфстайл-сервистерді біріктіретін цифрлық экожүйе құрумен айналысады. Турлов бизнес-стратегиясын Қазақстан, Еуропа және АҚШ нарықтарына бағыттаған және қоғам өміріне де белсенді қатысады, Қазақстан шахмат федерациясын басқарады.