
Шымкенттік Нұрай Серікбайдың адвокаты қылмыстық іске қатысты ақпаратты бөлісті.
Адвокат Аянхан Омаровтың сөзінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) негізінде қаралатын болды.
Бұған дейін іс ҚК 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша қаралды.
Осылайша күдіктіге үш бап негізінде айып тағылып отыр:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».
Ал заңда аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 15 бес жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 11 қаңтар кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.
Оның 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқаны, оған қыз да, отбасы да көнбегені айтылды.