Жаңалықтар

Аида Балаева Мұхтар Шаханов пен Шавкат Рахмоновтың атынан арандату жасалғанын айтты  

Министрдің сөзінше, «елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр» деген жалған хабарлар таратылып жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты
Министрдің сөзінше, «елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр» деген жалған хабарлар таратылып жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлдебіреулерді бірқатар тұлғалардың атынан жалған аккаунт ашып, арандатушылық жасап жатқанын айтты.

Оның айтуынша, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып жатыр.

«Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан. Мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда», – деп жазды министр әлеуметтік желіге.  

Оның мәліметіне қарағанда, «елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр» деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесу үстінде.

Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр.

«Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», – деді Балаева.

Министр тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырып отыр. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

«Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды», – деді Балаева.

Айта кететін жайт, вице-премьер Аида Балаева елде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу қарастырылып жатқанын айтқан еді.