Жаңалықтар

Аударма агенттігі Қазақстандікі болуы керек – тіл маманы тың мәселені көтерді

Фото: satbayev.university

Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілге байланысты 9-бабы талқыланып жатқан тұста белгілі тіл маманы Назгүл Қожабек бір мәселе көтерді. Ол елде аударма ісімен айналысатын агенттіктер Қазақстаннан болмаса, мәтін аударатын мамандар әбден әуреге түскенін айтып жазба жариялады.

Назгүл Қожабектің сөзінше, мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін агенттіктердің арасында шетелдік компаниялар көп.

«Мен басқа бір бәленің шетін шығарайыншы. Қазақ тілі аударма тіл болып кеткенінің кесірінен, жұрттың бәрі аударма агенттіктерінің қызметіне жүгінеді ғой. Сол қызмет көрсететін аударма агенттіктерінің қатарында Ресей агенттіктері өте көп. Ұзақмерзімді келісімшарт алады, сосын осы жақтан аудармашы жалдайды да, қызмет көрсете береді. Біздің аудармашыға тиын-тегеш төлейді», – дейді ол.

Тіл маманы бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу қажет деп есептейді. Оның пікірінше, аударма агенттігі ел ішінен болуы керек.

«Мемлекеттік органдарға, атқарушы билік тармақтарына қазақ тіліне мәтін аударып қызмет көрсететін аударма агенттігі Қазақстандікі болуы міндетті және оның басшысы қазақ тілін білетін қазақ болуы керек. Әйтпесе, ең жаман, ең сорлы күйге қазақ аудармашы түседі: оның аудармасына орысша фидбәк келеді, ол оны орысша түсіндіріп жазады, аудармасы дұрыс екенін орысша дәлелдеуге мәжбүр», – дейді Қожабек.

Ол мұндай жағдайды өз көзімен көріп, талайымен жұмыс істегенін алға тартты.

Мұның алдында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай елде қазақ тілінде сөйлейтін орта үлесі әлдеқайда көбейгенін айтқан еді. Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасындағы қазақ тілі мәртебесіне қатысты пікір білдірді.