Ауғанстанда алғаш рет пайғамбар медицинасы факультеті ашылады

Ауғанстанның Жоғары білім министрлігі елде алғаш рет пайғамбарлық дәстүрлі медицина факультеті ашылатынын мәлімдеді.
Ол Кабул медициналық ғылымдар университеті базасында жұмыс істейді. Бұл туралы Amu.tv хабарлады.
Шешім «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада шығарған жарлық негізінде қабылданды. Министрліктің 2 ақпанда X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған хабарламада жаңа факультеттің мақсаты «пайғамбарлық дәстүрлі медицина саласындағы ғылыми, білім беру және зерттеу жұмыстарын нығайту» екені айтылған. Ведомство мұндай факультеттің ашылуы «медицина ғылымының дамуына және кәсіби мамандар даярлауға» маңызды үлес қосатынын атап өтті.
Пайғамбар медицинасы – исламдағы емдеу мен гигиена жүйесі. Ол Мұхаммед пайғамбардың хадистерде келтірілген кеңестері мен ұсыныстарына негізделген. Бұл бағыт орта ғасырларда жүйеленген әрі көп тәжірибелерді қамтитын кең ауқымды ислам медицинасын қамтиды.
Пайғамбар медицинасы хиджама, бал мен қара зере қолдану, сондай-ақ дұға мен рухани ем-дом тәсілдерін пайдаланады. Заманауи медицинадан айырмашылығы, бұл әдісте хирургиялық араласу қарастырылмайды. Негізгі назар диетаға, қарапайым дәрілерге және рухани тәжірибелерге аударылады.
Пайғамбар медицинасы бойынша білім беру бағдарламалары бірқатар мұсылман елдерінде бар. Үндістанда Пайғамбар медицинасының халықаралық ислам университеті жұмыс істейді. Ал Сауд Арабиясында Король Абдель Азиз университетінің медицина факультеті жанында пайғамбар медицинасының терапиялық қолданылуын зерттейтін кафедра бар.
Айта кететін жайт, Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберіп келеді.