Денесі қоқыс жәшігінен табылған әйелдің ісі апелляциялық сотта қарала бастады

Шымкент қалалық соты үй тазалауға шақырған келіншекті пышақтап өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушының қылмысына қатысты апелляциялық шағым жабық қаралып жатыр.
Шағымды жәбірленуші тарап түсірген. Жәбірленушілер қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен келіспейді. Сот 17 жастағы Асан Анарды «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танып, бас-аяғы 7 жыл 6 айға түрме жазасын кескен еді.
«Өмір бойына түрмеге жабу»
«Бұл өте аз жаза. Тергеуде, сотта да әділдік көрмедік. Сотталушының жазасын қатаңдатуды, өмір бойына түрмеге жабуды не өлім жазасына кесуді сұраймын», – дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Жәбірленушінің сөзінше, қылмысқа тек оқушыны кінәлауға болмайды. Бұған 16 жасында баласын қалаға жұмысқа жіберген ата-анасы, кәмелет жасқа толмаған бөтен балаға үйін жалға берген адам да жауапты. Апелляциялық шағымда бұл да жазылған. Жәбірленушінің пікірінше, олар да жауапкершілікке тартылуы керек. Бұдан бөлек «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабының алынып тастағанына да қарсылық білдірген.
«Мамамды шақыршы»
«Қызымның артында екі немерем қалды. Үлкені – 5 жасар, кенжесі 3 жаста. Олар: «Мамамды шақыршы», «Мамам қашан келеді?» деп сұрайды. Сол кезде ештеңе айта алмай қаламын. Қызымды тіпті жерлейтін кезде құшақтап, иіскей алмадым. Денесі шіріп кеткен еді. Әлі күнге ес жинай алмай жүрміз. Оның қайтыс болғанына сене алмаймын. Қылмысты оқушының жалғыз істегеніне күмәндімін», – дейді жәбірленуші көзіне жас алып.
Апелляциялық сотқа келген сотталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы іс бойынша қандай да бір пікір білдіруге құлық танытпады. Ол сот үкімі шыққанда онымен келісетінін мәлімдеген.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Үй тазалауға барған әйел жоғалып, кейін оның денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылған. Қанды оқиғаға күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған. Желтоқсан айында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Оқушының заңды өкілінен 2 ай ішінде екі жәбірленуші мен марқұмның кәмелетке толмаған екі қызына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге беру міндеттелген.