Илон Маск дәулеті 800 млрд доллардан асты

Жарияланды 4 Ақпан 2026 14:31

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Миллиардер Илон Маск
Әлемдегі ең бай адам – Илон Маск / фото: shutterstock

Илон Маск адамзат тарихында дәулеті 800 млрд доллардан асқан алғашқы адам атанды. Оның SpaceX компаниясы жасанды интеллект саласындағы xAI-ды сатып алған соң, кәсіпкер байлығы арта түсті. Бұл туралы Kursiv.Media Forbes мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Маск байып жатыр

Басылым біріккен компанияның нарықтағы құнын 1,25 трлн долларға бағалады. SpaceX пен xAI-ды біріктірген соң Маск дәулеті 84 млрд долларға артып, оның байлығы 852 млрд доллар болды. Миллиардер бірлескен компания акцияларының 43%-ына ие (542 млрд доллар).

Осылайша, SpaceX кәсіпкердің ең құнды активіне айналды. Бұған қоса, Маск Tesla компаниясы акцияларының 12%-ын ұстап отыр. Forbes оны 178 млрд долларға бағалады. Сонымен бірге, миллиардер Tesla-ның құны 124 млрд доллар болатын опцион акцияларына ие.

2025 жылғы қарашада Tesla миллиардерге 1 трлн долларға дейін сыйақы тағайындауға келіскен. Бірақ ол үшін Маск алдағы он жылда компания құнын сегіз есе өсіруі керек.

Триллионер атануы мүмкін

Басылым Илонның төрт айдың ішінде төрт ірі межені еңсергеніне назар аударды. 2025 жылғы қазанда оның байлығы 500 млрд доллардан асқан. Ал 15 желтоқсанда кәсіпкер дәулеті 600 млрд доллар болған. Төрт күннен кейін Масктің дәулеті 700 млрд долларға жеткен. Енді ол тағы бір ірі межені бағындырып отыр. Осылай жалғаса берер болса, Маск дәулеті биыл 1 трлн доллардан асады, яғни кәсіпкер сол кезде триллионер атанады.

Қазір әлемдегі екінші бай адам – Ларри Пейдж. Google-дың негізін қалаушының дәулетін Forbes 281 млрд долларға бағалады.

Сондай-ақ оқыңыз