Жаңалықтар

Исламабадта «Dostyq» спорт орталығы ашылды: Тоғызқұмалақ Пәкістанда дамиды

Исламабадта «Dostyq» спорт орталығы ашылды: Тоғызқұмалақ Пәкістанда дамиды / Фото: Тоғызқұмалақ Федерациясы

Қазақстан Президентінің Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында Исламабадта «Dostyq» Қазақстан–Пәкістан спорт орталығы салтанатты түрде ашылды. Шараның басты мақсаты — ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде ілгерілету.

Исламабадтағы Pakistan Sports Board интеллектуалдық мектебі базасында тоғызқұмалақ және шахмат сыныптары ашылды. Ашылу салтанаты барысында тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев пәкістандық спортшылар мен жаттықтырушыларға ойын әдістемесін үйретіп, шеберлік сабағын өткізді.

Фото: Тоғызқұмалақ Федерациясы

«Dostyq» орталығын құру туралы меморандум мен 2026 жылға арналған бірлескен спорттық іс-шаралардың «Жол картасына» қол қойылды.

Сапарға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын және ұлттық зияткерлік спорт мамандары қатысты.

Фото: Тоғызқұмалақ Федерациясы

Айта кетейік, бұл бастама тоғызқұмалақты Оңтүстік Азия аймағында танытудың маңызды қадамы болды. Енді екі ел арасында тұрақты түрде бірлескен турнирлер мен оқу жиындары өткізіліп тұрады.

Айта кетейік, осыған дейін президент Тоқаевтың сапары барысында жалпы саны 30-дан астам құжатқа қол қойылғанын, оның ішіндегі ең маңызды 19 келісім ресми түрде жарияланғанын жазған едік.