Жаңалықтар

Депутат Қошмамбетов: Алатаудың ерекше статусы оны Сондо мен Дубай деңгейіне жеткізеді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Депутат Айтуар Қошмамбетовтің пікірінше, Alatau City қаласына ерекше мәртебе беру бастамасы оны Шэньчжэнь, Сондо немесе Дубай сынды дамыған қаржы орталықтарының қатарына қосуы мүмкін.

Respublica партиясының өкілі жедел дамитын қалалар экономикалық серпілістің нақты драйверіне айналуға тиіс деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, бүгінде инвестор үшін басты фактор – салықтық жеңілдік емес, бизнес жүргізуге қолайлы институционалдық орта.

Астана тәжірибесі және Алатаудың жаңа деңгейі

Депутат бұл тәсілдің тиімділігін Қазақстан қазірдің өзінде көріп отыр деп пайымдайды.«Астана» халықаралық қаржы орталығына бүгінгі күні 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Ағылшын құқығына негізделген жеке юрисдикция, заманауи келісімшарт нормалары мен халықаралық арбитраж – шетелдік инвесторлар үшін тартымды шарт.

Алатау қаласы осы логиканы келесі деңгейге көтермек. Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, жоба классикалық арнайы экономикалық аймақ форматынан әлдеқайда кең.

«Алатау – бұл тек жеңілдіктер аймағы емес, толыққанды институционалдық экожүйе. Мұнда басқару, сот, әкімшілік рәсімдер, цифрлық шешімдер бір орталықтан, заманауи талаптарға сай қалыптасады», – дейді ол.

Конституцияда қаланың статусы бекітілмек

Alatau City сынды қалалардың арнайы статусы Коституцияда бекітілмек. Ол жерде арнайы құқықтық режим болады.

Жаңа Ата Заң жобасы 5-бабының 6-тармағында:

«Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін»,- деп жазылған.

Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай серпіліс тек құқықтық жеңілдіктермен емес, басқару сапасы, институттардың тәуелсіздігі, адами капитал мен ұзақмерзімді инвестициялық сенім қалыптасқан жағдайда ғана жүзеге асады.

Виза талап етпейтін қала

Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, парламентте «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр.

Алатау қаласы 88 мың гектар аумақта орналасқан, мұнда 52 мыңнан астам адам тұрады. Қала құрамына 12 ауыл мен Қонаев қаласының бір бөлігі енген. Билік оны экспортқа бағытталған сауда-логистикалық және іскерлік хабқа айналдыруды көздеп отыр.

Жоспарға сәйкес, қалада:

  • шетелдіктерге (тіпті ВНЖ-сыз) жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат етіледі;
  • визасыз режим енгізіледі;
  • халықаралық бизнес пен таланттарды тартуға жағдай жасалады.

Алатаудың инвестициялық портфелі қазірдің өзінде 44 жобаны қамтиды. Жалпы құны – 1,8 трлн теңге, ал ашылатын жұмыс орны 30 мыңнан асады.