Жаңалықтар

Қазақстан Пәкістанға 600 электроавтобус жеткізбек

Пәкістанға 600 автобус жеткізілмек / Фото: Falconеuroвus.kz, билдь-редактор Серікжан Қобланбаев

«Қазақстан – Пәкістан» бизнес-форумы аясында екі ел кәсіпкерлері маңызды коммерциялық келісімге қол қойды. Қазақстандық Falcon EuroBus компаниясы Пәкістан нарығына 600 электроавтобус жеткізетін болды.

Алдағы жылдары экспорт көлемін 2 мың автобусқа дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар арасындағы уағдаластық Исламабадта өткен бизнес-форум барысында жасалды. Алғашқы электроавтобустарды жеткізу сәуір айында басталмақ. Коммерциялық келісімшарттың жалпы құны 108 млн АҚШ долларын құрайды.

Falcon EuroBus кәсіпорны 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. Бүгінде зауыт еуропалық сапа стандарттарына сай келетін автобустар шығарады.

Қазіргі өндірістік қуаты жылына 1 500 автобус, ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3 мың бірлікке дейін ұлғайту жоспарланған.

Компанияның жоспарынша, 2027–2028 жылдары Пәкістанға экспортталатын автобустар саны 2 мың бірлікке дейін жетуі мүмкін. Falcon EuroBus директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділхановтың айтуынша зауыт өніміне Өзбекстан, Моңғолия, Пәкістанда ғана емес, еуропа елдерінен де сұраныс жоғары.

Пәкістанға сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз өткізген.